Ғаламтор алаяқтары арылар емес
Мәселен, аймақта былтыр осындай 100-ден астам қылмыс тіркелсе, биылғы жылдың үш айында 362 дерек анықталған.
Бірақ әлеуметтік желіні арам ойын жүзеге асыру үшін пайдаланғандарды әшкерелеу оңай болмай тұр.
Алаяқтардың құрбаны болғандардың бірі – Макинск қаласының тұрғыны Анна Исламова. Ол осыдан 5 ай бұрын әлеуметтік желіден «жиһаз жасаймыз» деген жарнаманы көріп, арнайы тапсырыс береді. Айтуынша, үйлеріне бір жігіт келіп, төсек-орын тұратын бөлмені өлшеп, 60 мың теңге алдын ала төлем алып кеткен. Кейіннен бұл ақша аздық етеді деп, тағы да осынша қаржы сұратқан. Сөйтіп бұлар не жиһаз жоқ, не ақша да жоқ, сан соғып қалған.
Анна Исламова, Макинск қаласының тұрғыны:
- Полицияға да арыздандық. Алайда олар сіздерде онымен телефон байланысы бар екен деп, іс қозғамай қойды. Одан прокуратураға жүгіндік. Олар ол жігітке қоңырау шалды. Ол: «Бір аптаның ішінде жиһазды жеткізем», – деді. Бірақ сол күйі хабарсыз кетті. Сотқа да бардық. Судьялар: «Ол жігітке ескерту хабарлама жіберіңдер!», – дейді. Алайда жіберген пошта қайта келді. Енді не істерімізді білмей отырмыз. Менің сіңлім де оларға алданып қалды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, жәбірленуші алаяқпен қандай да бір байланыста болса, іс қозғау қиын. Әрі мұндай істер көбіне азаматтық қарым-қатынастарға жатады. «Ал бірнеше кісіні сыртынан сан соқтырып кетсе, міне, бұл ғаламтор алаяқтығы ретінде саналады», – дейді полицейлер. Мәселен, өткен жылы жоқ пәтерді жалға берем деп жұрттан алдын ала төлем жинауды әдетке айналдырған Павлодар және Риддер қалаларының азаматтары ұсталып, олар 3 жарым жылға бас бостандықтарынан айрылған.
Ермек Манатов, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасы бөлімінің қызметкері:
- Жыл басынан бері 13 ғаламтор алаяғы ұсталды. Олардың қазір құйтырқы әрекеттерінің 70% дәлелденіп отыр. Мәселен, алматылық 2 адамнан тұратын топ анықталды. Олар онлайн несие рәсімдейміз деп 15 шақты жәбірленушіні тақырға отырғызған. Сондай-ақ дипломдық жұмыс жазамын деп адамдарды алдап кеткен көкшетаулық келіншек те ұсталды. Олардың істері қазір толық тергеліп жатыр.
Полицейлердің сөзінше, пәтерді өтірік жалға беру, заңсыз онлайн несие рәсімдеу, банктік карталарды бұзу секілді әрекеттерді әбден меңгерген бұзақылар енді «мал сатамын» деген желеумен жұртты алдап-арбауға көшкен. Мұнда да сол баяғы алдын ала төлем сұратып, ақшаны ала сала зым-зия жоқ болады. Сондықтан құзырлы орган мамандары халықты сақ болуға шақырып отыр.
Авторлары: Д.Берікұлы, А.Полянный, Е.Шинкаренко