Ақтөбе облысында бөгеттің бұзылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Әйтеке би ауданындағы гидротехникалық нысан су тасқынына шыдас бермеген. Салдарынан Т.Жүргенов атындағы ауылдан 927 адам көшірілген еді. 78 үйді су басып, 10-ы қирады. Желілердің зақымдануынан елді мекен жарық, су және газсыз қалды. Сондай-ақ «Щербаковское» бөгетінің бұзылуынан Ырғыз өзені де арнасынан асып кетті. Бөгет Ақтөбе облысының табиғи ресурстар басқармасының балансында. Былтыр мемлекеттік сатып алу негізінде жөндеу жүргізілгенімен, тасқын кезінде бұзылып қалған.
Өркен Есжанов, прокурордың көмекшісі:
-Су тасқаны салдары тапсырыс беруші мен мердігердің тапсырған нысаны өзінің негізгі қызметін атқармай, тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделеріне сонымен қатар Жүргенов атындағы ауылының ұйымдарына елеулі зиян келтірді. Қылмыстық іс ҚР-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне жолданды.