Алматыда екпе егу орталығы Ә. Қастеев музейінде де ашылды
Мұнда келгендер екпе алып қана қоймай, өнер туындыларын тамашалап қайтады.
Жалпы қалада коронавирусқа қарсы вакцина салдырушылар саны артып келеді. Ақпан айының басынан 108 мыңнан астам адамға екпе егілді.
Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінің есігі таңғы сағат 8-де ашылады. Осы уақыттан бастап вакцинациялау орталығы да жұмысын бастайды. Екпе алар алдында келушілер дәрігердің кеңесін тыңдайды, қан қысымы тексеріліп болған соң, вакцина қабылдайды. Ал екпені салдырған соң екінші қабаттағы көрме залына көтеріледі.
Алмас Садуақас, тілші:
- Вакцина салдырғандар жарты сағат медбикелер бақылауында болады. Осы уақытта олар көркемсурет галереясын аралап, ұлттық қолөнер туындыларын көріп, тарихымен танысады.
Еркін Молдахметов, қала тұрғыны:
- Өз денсаулығыма керек болғаннан кейін алып отырмын. Келешекте ауырып қалмайық деген ниетпен келдім.
Вакцина салдырғаннан кейін кейбір адамдар қобалжуы мүмкін. Бірақ осы жарты сағаттық бақылау кезінде олардың назары көркем дүниелерге ауса, жүйкесі тынышталып, жан дүниесі рухани байып қалары сөзсіз. Кейбір тұрғындар вакцина алу үшін өнер ордасына шақырту алғанда таңырқап қалғандарын да жасырмады.
Тоғжан Әбілдаева, №12 қалалық емхана бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
- Алматы қаласының әр аумақтарынан келіп жатыр. Бүгінгі таңда 130-дан астам адам вакцина қабылдады. Қала тұрғындарын вакциналап бітпейінше, біздің орталық жұмысын жалғастыра береді.
Алматыда 203 вакцинациялау пункті ашылған. Ол жерде 1809 медицина қызметкері, 406 егу бригадасы жұмыс істейді. Дәрігерлерге медициналық волонтерлер де көмектесіп жүр. Екпені алу немесе алмау – әр адамның өз еркінде. Дегенмен салдырушылар күн сайын артып келетіні байқалады. Тек өткен тәулікте қалада 11 мыңға жуық адам вакцина салдырған.
Авторлары: Алмас Садуақас, Әбен Нарынбаев