Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин: ел аумағындағы 25 елді мекенге су басу қаупі төніп тұр
Олар Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында орналасқан. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты. Қазір аталған өңірлерде қар жылдам еріп жатыр. «Сондықтан қауіптің алдын алуға бағытталған жұмыстар қарқынды жүріп жатыр», – деді сала басшысы. Биыл күн жылығалы 46 үйді су басқан. Сонымен қатар облыстық және аудандық маңызы бар 67 жол су астында қалған.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Қар жамылғысы туралы айтар болсақ, Қазақстан аумағының 10% әлі де ерімеген қар жатыр. Бұл – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Алматы облыстары және Шығыс Қазақстанның таулы аймақтары. Ақпан айынан бастап төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырыстары өтті. Онда су тасқынын алдын алуға қатысты нақты тапсырмалар берілді. Уақытылы атқарылған жұмыстар елді мекендерге төніп тұрған қауіп деңгейін барынша төмендетті.