Орталық газ желісіне қосылу үшін 100 тұрғынға Halyk Bank-тен пайызсыз несие берілмек
«Ecojer» қауымдастығы мен еліміздің ең ауқымды банкі «Қазақстан халық банкі» АҚ өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Осы құжаттың арқасында енді 100 тұрғынға Halyk Bank-тен пайызсыз несие берілмекші. Бұл қаржыға олар баспанасын орталық газ желісіне қоса алады.
Пайызсыз несиеге қол жеткізгісі келетін тұрғындар талаптарға сай келуі тиіс. Алдымен мердігер компания тұрғын үйдің техникалық жағдайына тексеру жүргізіп, газ тартуға дайындығын тексереді. Алдын ала төлем сомасын да белгілейді. Осы құжатпен банк бөлімшесіне келіп, кредит рәсімдеуіне болады.
Саят Есенбеков, «Қазақстан халық банкі» АҚ бөлім басшысы:
- Бағдарлама бойынша берілетін ең жоғарғы сома 750 мың теңге болып бекітілді. 18 айға дейін рәсімдеуге болады. Ешқандай үстемақы қосылмайды. Бұл сомаға қол жеткізу үшін клиент банк талаптарына сай болуы керек. Яғни төлем қабілеттілігін растаса болғаны. Несиені мақұлдау бар-жоғы 30 минут ішінде жүзеге асырылады.
Банк қызметкерлері алғашқы клиенттің кредитін мақұлдап үлгерді. Бұл жоба – қоғамдық экологиялық ұйымдар мен қаржы институттарының тиімді әріптестігінің дәлелі.
Рүстем Қабжанов, «Ecojer» қауымдастығының бас директоры:
- Соңғы жылдары елордада ауаның ластануы күшейіп кеткенін байқауға болады. Бұған өнеркәсіп орындарынан бөлінетін зиянды қалдықтар мен жылыту маусымында жеке сектордан тарайтын түтін себеп болып отыр. Жеке сектордағы тұрғын үйлерді экологиялық таза көгілдір отынға жеделдетіп көшіру үшін «Қазақстан халық банкі» АҚ-пен бірлесіп, осы жобаны қолға алып отырмыз. Пилоттық жоба аясында 100 сертификат беріледі. Болашақта қосымша қаржы көзі табылып жатса, тағы да көбеюі мүмкін.
Бұл – Halyk Bank қолдау көрсеткен алғашқы экологиялық бастама емес. Өткен жылы да Алматы қаласында тұрмысы төмен 92 отбасының үйіне көгілдір отынды тегін тартып берген болатын. Енді жеңілдікпен газ кіргізген елордалық отбасылар да келер қыстан қиналмай шығатын болды.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Аманжол Байғазин