Түркістандағы Мақтаарал ауданында су мұнарасы құлап, халық лай су ішуге мәжбүр
Жамбыл ауылындағы ауызсу мұнарасы желтоқсан айында құлап, сүзгісі істен шыққан болатын. Оның үстіне ауыл тұрғындары әбден тозығы жеткен құбырлар қатты қысымға шыдамай, жарыла беретінін айтады. Содан бері жер асты суы тұтынушыларға тазартылмай беріліп келеді.
Жамбыл ауылының тұрғыны Нүрипа Тұрдалиева краннан аққан суды тұндырмаса, ішуге жарамайтынын айтады. Түсі сарғыш тартып, шелектің түбіне қоқым толып қалады. Басқа су болмағандықтан, әбден сүзгіден өткізіп ішуге мәжбүр.
Нүрипа Тұрдалиева, Жамбыл ауылының тұрғыны:
- Ішіп жатқан суымыздың бәрі сары су. Қалаған уақытында өшіріп қояды, қалаған уақытында қоса салады. Судың ағыны жоқ. Сенбесеңіздер мына шыққан суды сүзіп құйып жатырмын, түбінен шыққан матадағы қоқысты көріңіздер.
800-ге тарта тұрғыны бар ауылды ауызсумен қамту үшін 2014 жылы елді мекеннен су мұнарасы салынған. Алайда арада жеті жыл өтпей жатып, мұнара құлап қалды. Содан бері ауылдағы 140 үйдің күні сапасыз суға қарап қалған. Оның өзі аз ғана уақытқа беріледі. Тіршілік нәрі таза болмағандықтан, бүйрегі ауырып, өтін алдырғандар көбейген. Суға жауаптылардың айтуынша, мұнара болмаған соң, құбырлар қысымды көтере алмай әр жерден жарылған. Сондықтан суды жинақтап, тәуліктің жартысында ғана беретіндерін айтады.
Әзімхан Уәлиев, су жүйесінің меңгерушісі:
- Халыққа шұғыл су беру керек болған соң, Жамбыл ауылына тікелей жалғап қойғанбыз. Ол тікелей жалғанғаннан кейін жердің астынан шыққан құмы бар, басқа нәрселері бар халыққа кетіп жатыр. Ол жерде су құбырының сүзгісі жоқ, салынбаған.
Жамбылдықтардың сүзгісіз су ішіп, тіршілік нәрінен тарығып отырғанын жергілікті билік жақсы біледі. Бірақ осы уақытқа дейін мәселені шешуге тырыспаған. Сапасыз салынған мұнараға қанша қаржы жұмсалғанын да білмейді. Әбден сасқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлмінің сектор меңгерушісі: «Құлаған мұнараның орнына жаңасын тұрғыза саламыз», – деп ақталды.
Ғұламжан Егембердиев, Мақтаарал аудандық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Қазіргі таңда бюджеттен қаражат бөлінді. Мердігер мекеме анықталды. Мамыр айының 15-не дейін орнатып, толық сапалы ауызсумен қамтамасыз етеміз.
«Судың құрамы 7 жыл бұрын да сапасыз болған», – дейді жергілікті халық. Оны да аудан басшылығына айта-айта әбден шаршаған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы