Алматыда «Тең мүмкіндіктер қаласы» стратегиясы аясында 10-нан аса әлеуметтік нысан пайдалануға берілді
Бұдан өзге қаланың шеткі аудандарында 6 спорттық-сауықтыру нысаны ашылады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев онлайн таныстырылымда айтты.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қалада соңғы екі жылда оннан аса әлеуметтік нысан пайдалануға берілген. Бұл тұрғындардың сұранысы бойынша жүзеге асырылған жоба. «Шаһарда 53 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі адам тұратындықтан, оларды оңалту орталықтарымен қамтамасыз ету керек», – деді әкім. Өйткені Алматы – тең мүмкіндіктер қаласы. Осы бастама аясында «Әлеуметтік қызмет үйі» ашылады. Оған қоса оңалту орталықтары да қолға алынған.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Абай мен Масаншы көшелерінің қиылысындағы теміржол емханасын мемлекеттік меншікке қайтарып алдық. Қазір жобалық-сметалық құжаттар жасалуда. Келесі жылы балаларға арналған заманауи оңалту орталығын жасаймыз. Қала бойынша мұндай бірнеше нысан ашылады. Онда мүгедек балалар спортпен шұғылдана алады.
Оған қоса балалар мен ересектерге арналған тағы екі оңалту орталығының жобасы жасалуда. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаттығу залдар мен қауыз қарастырылған. Бұл жобалар инклюзивті орта қағидасына сай жасалуда.
Салтанат Байқошқарова, «Экомед» медициналық орталығының директоры:
- Шеткі аудандарда арнайы емхана салу керемет бастама деп ойлаймын. Өйткені ол жерлерде қазір кішкентай ғана амбулаториялар ғана бар. Ол жердегі халықтың саны көп болғандықтан, төтеп бере алмайды. Сондықтан үлкен-үлкен емханалар әр ауданда болса, жақсы болар еді.
Қаладағы спорттық нысандар мен алаңдар санын 4 мыңға жеткізу жоспарланған. Өткен жылы 700 ашық спорт алаңы пайдалануға берілді. Оған қажетті 300 жаттықтырушы «Еңбек» бағдарламасы арқылы тартылған. Биыл жергілікті бюджеттің қаражатымен қаланың шеткі аудандарында 6 спорттық-сауықтыру және 1 теннис орталығы салынады. Бюджеттен тыс тағы 6 спорттық нысанның құрылысы жоспарланған.
Авторы: Аршын Кемелжан