Bek Air ұшағының апатынан кейін әуежай маңындағы жер телімдерін заңсыз сатқандар кінәларын мойындады
Оларға алаяқтық жасау, қызмет бабын асыра пайдалану, мемлекет мүлкін заңсыз иемдену сынды Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылды. 2019 жылы желтоқсанда Алматы әуежайының маңында Bek Air ұшағының апатынан кейін әуежайға жақын орналасқан жер учаскелерінің заңдылығы тексерілген. Тергеу барысында 5 шенеунік пен 1 риэлтор күдікке ілінді. Прокурор айыпталушыларды 4 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.
Дамир Дарханбаев, прокурор:
- Тұрысбеков Рустам мен Қайрат Алтынбекұлын Қылмыстық кодекстің 308-бабы 4-2 тармақтары бойынша «кінәлі» деп танып, 6 жылға бас бостандықтарынан айыруды сұраймын.
Айыпталушылардың адвокаттары олардың мемлекетке келтірген шығынды толық өтегендіктерін, отбасында кәмелет жасына толмаған балаларының бар екенін алға тартып, олардың жазаларын шартты түрге ауыстыруды сұрады. Келесі сот отырысы 5 мамырда өтеді. Қылмыстық іс бойынша үкім сол күні шығуы мүмкін.