Қызылордада «Достық. Береке. Бірлік – Тәуелсіздік кепілі» атты дөңгелек үстел өтті
Тағылымды шара аясында «Сыр елі суретші көзімен» атты көрме өтті. Оған өңірдің белгілі суретшілерінің туындылары қойылған.
Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел бірлігінің ғана емес, түрлі әлеуметтік бастамалардың да ұйытқысы. Тәуелсіздік жылдарында қолға алынған түрлі игі шаралардың жемісі соның дәлелі. Мәселен, Елена Пак «Абай қазынасына саяхат» клубына жетекшілік етеді. Осылайша, ұлы тұлғаның ұлағатын өскелең жасқа ұғындыруды ниет еткен.
Елена Пак, «Абай қазынасына саяхат» клубының жетекшісі:
- Біздің ұйымда 30-дан астам жастар Абайдың шығармашылығына қызығушылық танытып, этнос ұлттарын, қазақтың ұлы ақынын таныту мақсатында құрылған болатын.
Басқосуға этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері де онлайн қатысып, орамды ойларымен бөлісті.
Мира Қазбекова, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:
- Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орын алған күрделі әлеуметтік – экономикалық ахуалға мойымай, бірлігіміздің арқасында қиындықтарды еңсердік. Ұлттық және азаматтық бірегейлік негізде біріккен мемлекеттердің өміршеңдігіне ештеңе кедергі келтіре алмайтынын уақыт көрсетті.
Светлана Крюгер, неміс этномәдени бірлестігінің мүшесі:
- Биылғы жыл – тәуелсіздігіміздің тұғырлы мерекесі, жетістіктерімізбен жеңістеріміздің биік белесі. Біздің мемлекетіміз әлем алдында бірлік пен бірегейлікті сақтай отырып, біртұтас ұлт екенін көрсете білді.
Шараға қатысушылар: «Бірлік – береке бастауы екенін ордалы елдің 30 жылдық белесі айқындай түсті», – деп есептейді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев