Қызылорданың ойын-сауық орталықтарында вакцина егу бекеттері ашылуда
Жылжымалы бригадалар театр мен банктерге дейін барып, тұрғындарға егу шараларын жүргізбек. Сонымен қатар Қазалының қос мектебі, Байқоңыр мен Қармақшының халыққа қызмет көрсету орталықтары және Сырдария ауданының бірнеше ауылдық клубында екпе пункті ашылды.
Жалпы облыс бойынша 60 мыңдай тұрғын вакцина қабылдаған. Бұл егілуі тиіс аймақ тұрғындарының шамамен 15% деген сөз.
Өңірде індет өршіп тұр. Өткен жылдан бері COVID-19 жұқтырғандар саны 6 мыңға жуықтап қалды. Облыста 1 сәуірге дейін 215 инфекциялық төсек-орын болса, қазіргі таңда ол 770-ке дейін көбейтіліп отыр. Бұл ретте денсаулық саласының мамандары қауіпті кеселге тек ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана тойтарыс беруге болатынын аймақ жұртына айтып келеді. Қазіргі таңда тұрғындарға 3 вакцина түрі ұсынылып отыр.
Жангелді Шаймбетов, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Олар «Спутник V», QаzVac және де Араб Әмірліктерінің вакцинасы Hayat-Vax таңдауға мүмкіндіктері бар. Вакциналау жұмыстары әрі қарай кеңінен жүргізіледі. Соған байланысты облыстық денсаулық басқармасы халықты жаппай вакциналауға шақырамыз.
Ойын-сауық орталығын күзететін Нұрсұлтан Теңізбаев жылжымалы бекет ашылғанын естіп, дереу кезекке тұрып үлгерген. Емханаға арнайы барып, вакцина салдыруға күнделікті жұмыстан қолы босамайтын.
Нұрсұлтан Теңізбаев, қала тұрғыны:
- Жаңа ғана дәрігерлердің қарауымен қан қысымын өлшеп, вакцина салдырттым. Әзірге теріс реакция жоқ. Дәрігерлердің айтуынша, жарты сағаттай осы жерде демалып отыруымыз керек.
Сала мамандары ауру белгілері байқалса да, емханаға бармай, үйден өз білгенімен ем қабылдап жатқандар арасында COVID-19 көптеп анықталып жатқанын айтады. Сондықтан тұрғындар медициналық мекемеге дер кезінде хабарласып, ем-домды дәрігер нұсқауымен жүргізгені абзал.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев