Риддер қаласында өртенген 31 баспана алдағы тамыз айының соңына дейін қайта салынады
Ас-ауқат және киім-кешекпен де тегін қамтамасыз етіледі. Президент тапсырмасына сәйкес өрттен зардап шеккен тұрғындармен кездескен облыс әкімі Даниал Ахметов осылай деп мәлімдеді.
Ал алапат орман өртіне себепкер болуы мүмкін деген күдікпен 35 жастағы азамат ұсталып, қамауға алынды. Тиісті сот сараптамалары да тағайындалды. Ол өз отбасымен орман ортасына барып, кәуап пісірген. Құрғақ шөпке тиіп кеткен отты алдымен өзі сөндіруге тырысып көрген екен, бірақ шамасы жетпеген соң, ешкімге хабарламастан кетіп қалған.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Лидия Карпованың үйі, дүние-мүлкі мен қора-қопсысы түгел күлге айналған. Кейуананың айтуынша, бас-аяғы жарты сағатта бет қаратпас жалын жолындағыны түгел жалмаған. Тілсіз жау іргесіндегі орманды шарпығанда немересі екеуі тек құжаттарын ғана алып үлгерген.
Лидия Карыпова, Риддер қаласының тұрғыны:
- Елдің бәрі улап-шулап кетті. Біреу жолға қарай жүгірді. Немерем Алексей: «Әже, тез-тез жеке куәлігіңіді ал да, шық», – деп айғалап жүр. Зейнетақымды өткен сенбі күні ғана алған едім ғой. Есім шығып, орындықтың үстінде тұрған сол ақшаны да алуға шамам келмеді. Енді міне, далада қалдық.
Алапат өрттен Риддердің шетіндегі шағын ауданында 31 үй мен 300 гектарға жуық орманның орны ғана қалды. Өрт тоқтағанмен кейбір жерлерде жекелеген ошақтары әлі тұтап жатыр.
Олжас Керейхан, тілші:
- Бір шырпыдан тұтануы орасан зор алапат өртке соқтырды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жалынның күшті болғаны соншалық, биіктігі 30-40 метр болатын ағаштардың ең басындағы бұтағының өзі жанып кеткен. Ал дәл мына жерде 100 шаршы метр болатын ағаш үй болған. Өрт сөндірушілер кешеден бері әлі сөндіріп жатыр.
Жолындағының бәрін жалмаған жалынды сөндіруге кешелі-бері 500-ге жуық маман мен 70 техника және 4 тікұшақ жұмылдырылды. Өрт сөндірушілердің тізе бүгуге уақыты жоқ.
Ұлан Нұрмұханбетов, Риддер қалалық №14 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:
- Темпратура өте ыстық болды. Біз өзімізге су шашып, өрт орнына жақындап, сөйтіп өшірдік. Өрттің ары қарай қалаға қаупі бар. Сол себепті жайылмас үшін біз тоқтатуымыз керек. Соны қадағалап, сол жұмыстарды атқарып жатырмыз. Жігіттер міне, әлі тоқтамай жұмыс істеп жатыр.
Өрт салдарынан бір адам қайтыс болып, екі адамды қатты күйік шалған. Қазір олар хәл үстінде жатыр.
Марал Төлеубаева, Риддер қалалық ауруханасы реанимация бөлімшесінің меңгерушісі:
- 1949 жылы туған адам денесінің 8%, жас жігітте 40% күйік шалған. Қазіргі жағдайлары нашар.
Үйсіз-күйсіз қалған 81 адам Риддердегі қонақ үй мен колледждің жатақханасына орналастырылды. Баспана Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекет есебінен салынады. Матаериалдық шығын да өтеледі. Ол үшін облыста арнайы комиссия құрылды.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
- Қандай шешім болады, өрт неден шықты, осының бәріне аз уақыттың ішінде біздің органдар бізге жауап береді. Ал енді 31 үй мәселесі аз уақыттың ішінде шешіледі. Үш айдың ішінде 31 тамаша үйді салып береміз.
Үйсіз қалған әрбір отбасына Риддердегі тау-кен комбинаты 1 миллион теңгеден көмек бермек. Сондай-ақ облыста арнайы қор құрылып, халық қолынан келгенше қаржылай көмек беріп жатыр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов