Хабар телеарнасы

Президент атынан БАҚ қызметкерлеріне пәтер сертификаты табысталды

Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ. Марқұм Шерхан Мұртазаның осынау бір қанатты сөзі енді біртіндеп өзектілігін жоятын сияқты.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен кәсіби мерекеде сала үздіктеріне былтыр баспана беріп, әріптестеріміз бір жасап қалған еді. Игі дәстүр биыл да жалғасын тауып, осы жолы 67 адамға пәтер сертификаты табысталды.

Айта кету керек, кешегі құттықтау сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл дәстүр жалғаса беретінін атап өтті. Баспаналы болғандар арасында әріптестеріміз де бар.

«Осы уақытқа дейін журналистер не мемлекеттік қызметкер санатына, не бюджеттік қызметкер санатына кірмей, мемлекеттік бағдарламалардан сырт қалып келді», - деп бастады сөзін Президент кеңесшісі. Енді бұндай олқылыққа жол жоқ. Пәтер кілтін табыстау тұрақты дәстүрге айналып келеді. Және биылғы жолы ол тіптен ерек. Алғаш рет көпбалалы отбасыларға деп 3 бөлмелі пәтерлер қарастырылып отыр. Олардың саны 13.  45 екі бөлмелі және бір бөлмелі 9, жиыны 67 пәтер. Және тағы бір ерекшелік. 

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі - Баспасөз хатшысы:

– Әріптестеріміздің әлеуметтік жағына назар аудардық. Пәтер кілттеріне ие болатындардың 21-і көпбалалы отбасылар. 5 жалғызбасты аналар. 6 әріптесіміз ол жатақханада тұратын отбасылар. Және 11 отбасының үйінде мүмкіндігі шектеулі, не баласы, не жұбайы бар отбасылардың санатына жататындар.

Солардың бірі ерекше бала тәрбиелеп отырған «Хабар» жаңалықтарының орыс тіліндегі жүргізушісі Кира Каниболодская. Күтпеген тосынсый, қуаныштың көз жасы. 

Енді 67 адам «Өз үйім – өлең төсегім» деп шаттана алады. Ақпарат саласының қызметкерлері ғана емес, адам тұрғысынан қарасақ, әрқайсының өз тағдыры бар.

Қарлығаш Сәрсембаева:

- Біз Айбока екеуміз сол Қазмедианың қабырғасында танысқан болатынбыз. Осыдан бес жыл бұрын.  Қазір біліп жатырмын, Мемлекет басшысының, Президентіміздің ерекше сыйы десе де болады. Айбокаға деп, біздің отбасыға деп елеп, беріп жатқандарына өте көп рақмет.

Ал "Хабардың"таспагері Азамат Сәметов – озат операторлар санатынан. Жұмысына мығым ол отбасында да мықты екен.

Журналист – мәртебелі мамандық. Мемлекет те, БАҚ да ұлт мүддесіне жұмыс істейді. Бұл кешегі Президенттің берген бағасы. Ал ол – табанды әрі қажырлы еңбекпен келетін мәртебе.  

Бағдат Бектұрғанқызы «Хабар» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің шығарушы редакторы:

– Әкем жиі айтушы еді, ақылын айтқан кезде. Қай қызметті жасасаң да, адалынан жаса. Ол жасап жатқан қызметің айналаңа, адамдыққа, жалпы халыққа пайдалы болатын болса, соған қуан дейтін. Енді соның қайтарымы болды деп, соны қазір қабылдап отырмын.

Жанна Ахмадиева, «Хабар Агенттігі» АҚ техникалық дирекциясының жетекші инженері:

- Телевидение саласында жұмыс істеп жүргеніме 25 жыл болды. «Хабардың» өзінде 22 жыл. Қос қуаныш болып жатыр. Төсалқа алып жатырмын. Ақпарат саласының үздігі.

Әдетте журналистердің арқасында мыңдаған адамның баспана мен басқа да әлеуметтік мәселелері шешіліп жатады. Бірақ қалам ұстаған қауымда қара басының қамын күйттейтін қасиет жоқ. Мемлекет осы жайды мықтап қаперге алған сияқты. 

Аслан Қаженов, «24KZ» телеарнасының тілшісі:  

- Қазір енді Олимпиаданың жақындаған уақыты, көшпенділер ойындарының жақындаған уақыты. Қарбаласпен жүрміз. Спортшылардың да әлеуметтік мәселелері көп қой, соны көтеріп жүрміз. Біразына біз баспана мәселесінің шешілуіне тікелей мұрындық боп жүрміз. Соның ортасында осындай бір тосынсый болды. Әртүрлі санаттағы деп айтып жатыр ғой. Біз енді біраз жылдан бері жатақханада тұрамыз.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

-Жасаған еңбектеріңіз әрқашан осылай мемлекетпен бағалана берсін. Отбасыларыңызға амандық тілеймін. Осы шаңырақта тек қана жақсылық болсын. Елімізде жақсы жаңалықтар көп бола берсін, сіздер соның жаршысы болып жүре беріңіздер. 

Әсел Шілдебаева, «Dara» Президенттік бастамалар қорының басшысы:

- Қаламдарыңыз шаршамасын. Өздеріңіз шаршамаңыздар. Жұмыстарыңыз әрдайым осындай биіктен көрінетін болсын. Отбасыларыңызда тек қана жақсылық, береке болсын. 

Пәтер кілтін табыстау салтанатының соңын ала Президент кеңесшісі Берік Уәли мырза, бұйырса келесі жылы да осылай қоныстойын тойлаймыз деп ерекше атап өтті. Алтын арқалап, жантақ жейтін заман осылайша өткен күндердің еншісінде қалатын сияқты.

БД, Әлібек Әлиев