Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы су тапшылығы мал өрісінің тарылуына әкеп соғуы ықтимал
Өзен, суаттар құрғап қалған. Атырау облысындағы осы аудан шаруаларының айтуынша, шілдеде жағдай тіптен қиындап кетеді.
Сөйтіп төрт түліктің басын көбейтпек түгілі қолда барын ұстап тұрудың өзі мұңға айналып барады.
Шаруалар қазір төрт түлігін тереңдігі 20-25 метр болатын құдықтан суарып отыр. Жеке кәсіпкер Талғат Сармановтың айтуынша, шілдеде құдықтар да құрғап қалады. Амалсыз қыстақтан көлікпен тасиды. Былтыр бірнеше жерден құдық қаздырып көргенімен, одан нәтиже болмапты. Мыңғырған малы бар өңірдің уақыт өте сусыз қалатын түрі бар.
Талғат Сарманов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Жігіттер 4-5 жерден бұрғымен қазып, суды шығара алмады. Су жағы қиындау болып тұр. Қыста күн қатты болды, созылып кетті. Жер де әлі көгермей тұр. Әлі салқындық бар. Осы жерде қазір 3 құдық бар жайлауда. Қыстақта 2 құдық бар. Екі құдықтан алып тұрмыз. Қыста енді қармен жайлап сурамыз ғой малды. Тереңдігі 17 метрдей болады. Терең өте. Бірақ ертең шілдің кезінде қиындау болайын деп тұр. Азайып кетеді.
Соңғы екі-үш жылда Ойыл мен Сағыз өзендеріне су келмеуі салдарынан шаруалар тығырыққа тірелген. Әсіресе малы көп қожалықтарға қиын болды. Кейде құдықтан да қайыр жоқ. Жазда суы кеуіп кетеді.
Айдулат Кенжебеков, аудан әкімінің орынбасары:
- Жер асты су қорын анықтайтын облыста «Атырау гидрогеологиясы» деген шаруашылық мекемесі бар. Шаруа қожалықтарына айтып жатырмыз, сол мекемеге барып арнайы анықтауға болады. Ол жерде барлық есептер, барлық жер асты су қорлары анықталған. Қаншалықты жер асты су қоры бар, минерализациясы қаншалықты, соны анықтап береді. Қай жерде су қоры бар екенін анықтап берген жағдайда барып ұңғыма қазуға мүмкіндігі бар.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, құдық қаздырғандарға қолдау көрсетіледі. Құбырлы және шахталы құдық қаздырғаны үшін шаруаларға кеткен шығынның 50% мемлекет тарапынан өтеледі.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин