Омарташылардың өтініші: ара шаруашылығына көлік пен жаңа қондырғыға субсидия керек
Бірақ омарташылар салада басқа да түйткілдердің бар екенін айтып отыр. Ол – субсидия, еуропалық стандартқа сай зертхана салу және экспортқа қатысты құжаттарды реттеу.
Иә, Алтайдың алты ай қысынан кейін аралар тіріліп, ұяларға бал жинауды бастаған. Әзірше омарташылар тәтті сусынмен қолдан қоректендіріп жатыр. Бұл шаруашылық жинаған балын экспортқа шығарады. Облыстағы отбасылық омарташылар да жыл сайын жинаған балын осы шаруашылыққа өткізеді.
Олжас Керейхан, тілші:
- Омарташылардың айтуынша, бір ұяшықта шамамен 50 мыңдай ара болады. Олар мынадай бөлек-бөлек тақтайшада бал жинайды. Қазір қыстан соң тіріліп жатыр. «Карпат» деп аталатын араның бұл түрі Алтайда өсіріледі. Енді жақын күндері бұл шаруашылық Монғолияға 600-700 ұяшық экспорттамақ.
Елімізде бал өндірудің әлеуеті өте зор. Алайда омарташылар бұл салаға мемлекеттен бөлінетін субсидия тым аз екенін айтып отыр.
Валерий Қасымбаев, республикалық омарташылар қауымдастығының төрағасы:
- Әр ұяшыққа 5 мың теңге. Оны бергеніне де шүкір дейміз. Әрине, субсидия сомасы өссе, омарташыларды ынталандырар еді. Шаруашылық кеңейсе, өнім көлемі де артары сөзсіз. Ал былтырдан бері балды экспорттау мәселесі өте қиындап кетті. Бал тиеген көліктер шекараға барып 30-40 күнге дейін қаңтарылып тұрады. Тек автокөлік емес, темір жол да солай. Өйткені кеденде кедергі көп.
Кедендегі кедергі пандемия кезінде тіпті қиындап кеткен. Жыл сайын елімізде 8-10 мың тонна бал жиналады. Былтыр 7,5 мың тонна өнім алынған. Бірақ экспорт мәселесі көңіл көншітпей отыр. 2020 жылы 150, 2019 жылы 350 тонна экспортталған. Өткен жылы Алтай балы Қытай, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктеріне жөнелтілді. Экспорт бағасы – 4 пен 20 доллар аралығында. Жалпы елімізде ара өсірумен ірі 100 шаруашылық шұғылданса, оның 5-уі ғана шетке бал жөнелтеді.
Мына шағын зауытта жыл сайын 3,5 мың тонна бал өңделіп, экспортқа дайындалады. Омарташылар үшін осы салада шешімін таппаған бірқатар мәселе бар.
Игорь Рукавицын, бал өңдеу зауытының директоры:
- Қазір ең өзекті мәселенің бірі – балды дәрілік бағытта пайдалану. Әрине, бұған Еуропа елдерінің ықыласы ауып отыр. Алайда ол өте қымбатқа түседі. Бір сынаманы алып, зертханалық тексеруден өткізу 2,5 мың еуро тұрады. Ал мұндай зертхана Қазақстанда жоқ. Сондықтан біз балға биологиялық және бактерологиялық сараптаманы Қытай мен Германияда жасатамыз. Екінші мәселе – шетке шығару кезінде жол шығыны.
Бірнеше жыл бойы жол шығынының 50% мемлекет қайтарып беріп келген. Ал былтырдан бері бұл төлем 30% азайды.
Владимир Гайламазян, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Менің ойымша, нәтижелі жұмыс істеп, бал өндіріп отырған өндіріске төлеу керек. Қазіргідей омартаның ұясына емес. Өйткені ара биыл болса, келер жылы жоқ болуы мүмкін. Сондықтан дайын өнімге субсидия берілсе, нәтиже болады.
Нәтиже болу үшін араға селекциялық жұмыс та бірге жүруі тиіс. Бұл сапалы бал алуға септігін тигізеді. Жалпы елдегі жыл сайын өндірілетін 10 мың тоннаға жуық балдың 1 мың тоннасы экспортқа шықса, омарташылар үшін үлкен олжа.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин