Таразда этнографиялық туризмді дамытуға бағытталған «Көне қамал» атты ерекше демалыс орны ашылды
Қазірдің өзінде жұрт Тектұрмастағы этно-тарихи таңғажайыпты көруге жер-жерден ағылып келе бастады. Міне, Талас өзенінің бойы 7 айдың ішінде адам танымастай өзгеріп шыға келді. Кезінде бұл маңда жарғабақ пен арба тастардан басқа ештеңе жоқ еді. Сәулетші-құрылысшылар жағалаудың табиғи ерекшелігіне қарай жоба әзірлеп, жаңа туристік кешен жасап шықты. Жағалау әсіресе түнгі уақытта ерекше көрінеді. Түрлі түсті жарықшамдар, биіктігі 9 метрлік сарқырама, скверлер мен осы өңірді мекендейтін аңдардың мүсіні еріксіз көз тартады.
Бұл – «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің жалғасы. Нысанның оң жақ қабырғасы жасанды тастармен көмкеріліп, ұзындығы 220 метрлік «Көне қамал» қорғанымен қоршалған. Оған көне түркі жазулары, петроглифтер салынған. Айта кету керек, болашақта Тараз қаласы туризм бойынша Түркістанның серіктес қаласына айналмақ.
Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:
- Тараз жерінен Ұлы Жібек жолы өткен. Оның өз тарихы бар. Қазақ хандығының құрылған жері – осы біздің Тараз өңірі. Соның барлығын осы жерде туристерге көрсетсек деген ойымыз бар. Тараздың 2 мыңнан астам тарихы болғаннан кейін Тараз қаласында туризмді дамытуымыз керек. Ол үшін мына туристерді тартатын осындай бір орындар болу керек. Тарихи орындар – басқа өңірлерде жоқ орындар.
Бұл бағытта өңірде кешенді жоспар жасалып, жобалар жүзеге асырыла бастады. Олардың басым көпшілігі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай іске аспақ.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә