Елімізде Ұлттық халық санағының алғашқы кезеңі басталды
Кезекті науқанның ерекшелігі – оның онлайн түрде де өтетіндігінде. Яғни сұрақ-жауапқа қатысушылар электронды құрылғыларды пайдалана алады. Осы мақсатқа арнап Солтүстік Қазақстан облысына 200-ден астам планшет бөлінген.
Бұл – статистика департаменті. Мамандар таң сәріден қызу жұмысқа кірісті. Ұлттық халық санағының алғашқы кезеңі басталды. Оны жоспарлы түрде өткізу үшін Петропавл қаласы 86 тіркеу учаскесіне бөлінді. Айналасы бір айдың ішінде жауаптылар барлық тұрғын үй жайларын нақтылауы міндетті. Әр сұхбатшы 1200 нысанды аралап, мәлімет жинауы тиіс.
Марал Даниярова, Ұлттық халық санағын дайындау және өткізу бойынша бөлімнің басшысы:
- Облыс бойынша 240 адам жұмысқа тартылды. Олар қазір үйлерді аралау арқылы үйлердің «тұрғын, тұрғын үй емес» екенін анықтап, ол картографикалық материалға енгізіледі. Бұл алынған деректер автоматтандырылған базаға, яғни аудандастыру модуліне енгізіліп, халық санағының екінші кезеңінің өтуіне барлық ақпараттар дайын болады.
Енді санақтан қалай өтетініне тоқталсақ. Пандемияға байланысты sanaq.gov.kz арнайы сайты жұмысын бастады. Тұрғындар мұнда ыңғайлы уақытында кіріп, сауалнамадағы барлық 87 сұраққа онлайн түрде жауап бере алады. Болмаса дәстүрлі форматта сұхбатшыларды үйге күтеді.
Тәуелсіз қазақ елінде аталған саяси науқан осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. 2009 жылғы санақпен салыстырсақ, Cолтүстік Қазақстан облысының халқы шашамен 54 мыңға дейін азайып қалған.
Жұлдыз Нұрғалиева, облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары:
- Біз ай сайын мәлімет жинап отырамыз. Қазіргі таңда облыста 542 мыңнан астам адам бар. Егер 2009 жылмен салыстырсақ, көрсеткіш төмендеген. Себебі өңірден көшіп кетушілер көп. Оның үстіне бала туу саны азайған.
Екі кезеңнен тұратын Ұлттық халық санағының әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Бұл тек статистика емес. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде халықтың отбасылық жағдайы, күнгеріс деңгейі де анықталатын болады.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов