Павлодардағы Айнакөл ауылында 2018 жылы құрылысы басталған су мұнарасы әлі бітпей тұр
Павлодар қаласының іргесіндегі Айнакөл ауылынан маза кетті. Тіршілік нәрі кесте бойынша берілгендіктен, ауыл халқы жазда көкөніс өсіруден де қалды. Айнакөл ауылында 200-ден астам түтін бар. Тұрғындардың күнделікті тірлігі осы. Суды кесте бойынша ішуге мәжбүр. Бұған дейін кешенді блок-модуль жұмыс істеген. Алайда орталықтандырылған су жүйесі салына бастаған кезде су нысаны демонтаждалған. «Бақша егуден бұрын таза су ішудің өзі мұңға айналды», – дейді ауыл азаматтары.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Айнакөл ауылының тұрғындарына су кесте бойынша күнбе-күн беріліп тұрады. Мәселен бүгін сағат 12-ден үш сағатқа қосылды. Осы уақыт аралығында тұрғындар бақшаларын суарып, өзге де тұрмыстық қажеттіліктерін өтеп алу керек.
Ауыл азаматтарының төзімі таусылғалы қашан. Күрмеуі қиын мәселе үш жыл бойы шешілмей келеді. Орталықтандырылған су жүйесінің құрылысы 2018 жылы басталып, оған 400 млн теңге бөлінді. 20 шақырымдық құбыр да тартылды. Бірақ жоба өзгертіліп, құбырлар Ленин кентінің сорғы станциясына қосылған. Нәтижесінде Айнакөлдіктер көрші ауылға тәуелді болып қалды.
Маржан Намазбаева, Айнакөл ауылының тұрғыны:
- Ораза айы кезінен бастап екі күнге өшіріп тастады. Су тасушы көлік келді, оның суы ауылға жетпеді. Тұрғындардың көбісі – кәрі адамдар.
Шенеуніктер бұл шешімді бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында қабылдапты. Қаржы құрылыс жұмыстары барысында бұзылған жол жабындысын қалыпқа келтіруге жұмсалған. Мамандардың салғырттығынан бір ауыл зардап шегіп отыр. Бүгінде ауылда орталық жүйе бар, тек су жинағыш станция қажет. Бар мәселе осында.
Амангелді Рүстемов, Алғабас ауылдық округінің әкімі:
- Құрылыс үш жыл бұрын жүргізілді. Жүйенің неге Ленин кентіне қосылғанын білмеймін. Бұл қызметке бір жыл бұрын келдім. Тапсырыс беруші – Ақсу қаласының құрылыс бөлімі. Алдағы уақытта жаңа жоба іске қосылады.
Айнакөл ауылында сорғы станциясын салу жобасы әзірленуде. Жоба мемлекеттік сараптамаға тапсырылған. Игі бастамаға 175 млн теңге бөлінбек. Демек халық сумен қамтылады. Тек қашан екені белгісіз.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Марат Игіліков