Өскеменде қоқыс шығаруда төленетін тариф бағасы 87% өспек
Қоқыс тасымалдашы коммуналдық мекеменің ұсынған бұл тарифі бекітілсе, қызметтің түрі бірден 87% бір-ақ өспек. Әзірге қоқысқа қатысты тариф қоғамдық кеңестің талқысына түсіп, қолдау тапқан.
Енді бұл мәселені қалалық мәслихаттың депутаттары кезекті сессияда қарамақ. Ал тұрғындардың коммуналдық қызмет сапасына көңілі толмай отыр.
Қазір өскемендіктер қоқыс қызметі үшін 211 теңге төлеп отыр. Бұл тариф 10 жыл бұрын бекітілген. Тек былтыр Президенттің пәрменімен 5% төмендеген. Жалпы қаланың қоқысын қазір екі компания шығарады. Осы екі кәсіпорын тарифті бірден 87% көтеруді ұсынған.
Елена Березинская-Абилова, Экологиялық бастамалар қауымдастығы облыстық филиалының жетекшісі:
- Қоқысты шығаратын компаниялардың қазір маркетингтік стратегиясы жоқ. Сондықтан тариф көтерілсе, қызмет сапасы жақсартып, мақсаттарына қол жеткізе алмайды. Трифті өсіруді сұрағанымен ары қарай дамудың стратегиялық жоспары жоқ. Бірден 87%, яғни 394 теңгеге көтеру деген аз ақша емес.
Аз ақша емес екенін халық та, ұлық та біледі. Соңғы бірнеше жылда қаланың сыртын айтпағанда ішіндегі қоқысты шығару күн санап проблемаға айналып барады. Тіпті орталық көшелердегі контейнерлер айлап тазаланбайды. Мәселенің жауыр болғаны соншалық, айтыс ақындары әкімдікке құлаққағыс етіп жыр да арнады.
Әкімдік аңғарғанымен, қоқысты шығаруға жауапты қос мекемеде техникалық дәрмен аз. Сондықтан ақысын көтеру арқылы жағдайды оңалтпақ. Тарифке қатысты жоба тек қаланың қоғамдық кеңесінде талқыланды.
Инесса Чернышова, Қалалық қоғамдық кеңес төрағасы:
- Қазіргі тариф 2011 жылы қабылданған. Ол кездегімен бүгінгі жағдай мүлдем сәйкес келмейді. Оған қоса бір пәтерде қанша адам тұратыны да белгісіз. 2 адам тіркеуде болып, шын мәнінде 4-5 адам тұруы мүмкін. Бұл қызмет сапасына әсер етеді.
Тариф өссе, қызмет сапасы жақсарып кетеді дегенге әзірше кепілдік жоқ. Бірақ оған қарамастан қоғамдық кеңес мүшелері қызмет ақысын көтеру туралы ұсынысты қолдап отыр. Енді қалалық маслихат депутаттарының талқысына түседі. Ал полигондағы қоқыс та асып-төгіліп жатыр.
Олжас Керейхан, тілші:
- Қаланың орталық полиганындағы қоқыстың көлемі 6 мың тоннадан баяғыда асып кеткен. Осы салаға жауапты коммуналдық мекеме қызметкерлерінің айтуынша күніне бұл жерге 100-ге жуық машина қоқыс әкелінеді. Ал жел соққан күндері бұл жер ақ шаң болып, аспанға ұшқан салафаннан көрінбей кетеді.
Полигонды жауып, қоқыс өңдеу зауытын салу мәселесі соңғы 10 жылдан бері айтылып келеді. Бірақ әлі нақты шешімін таппай отыр.