ДОНОР КҮНІ: елімізде 18 мың өз еркімен қан тапсырушы тіркелген
«Олардың сауапты ісі, талай адамның жанын сақтап қалады», - дейді дәрігерлер. Жалпы қазақстандық донорлар 20-дан астам мемлекеттік мекеме мен жүзге жуық медициналық ұйымды қажет кезде қанмен қамтамасыз етіп келеді.
Қан тапсыруға небәрі 15 минутқа жуық уақыт кетеді. Алдымен әр донор өзі туралы анкета толтырады. Қан тобы мен құрамындағы гемоглобин мөлшерін анықтайтын сараптамадан өтеді. Содан кейін терапевт дәрігердің ақыл-кеңесін алады. Жалпы республикалық қан орталығына жылда қан тапсырушылармен бірге алғаш рет донор атанғандар да келеді. Мақсаттары біреу – қан тапсырып, біреудің жанын сақтап қалу. Қала тұрғыны Гауһар Тоқтасынова өзгелерге көмек қолын созу сауабы мол іс дейді. Оның үстіне Гауһардың қаны сирек топқа жатады екен.
Гауһар Тоқтасынова, қала тұрғыны:
- Қан тобым 1 теріс. Бұл қан тобы сирек кездеседі. Сондықтан өзге адамдарға қан беріп, көмектескім келеді. Олардың разылығын алып, осылай аман-есен күліп-ойнап жүргенге не жетсін?!
Гауһар әлиева, қала тұрғыны:
- Бұл – 7 рет қан тапсыруым. Қалауым – қолымнан келгенінше көмекке мұқтаж адамдарға көмектесу. Отбасым, бала-шағам бар. Оның үстіне қазіргідей эпид-ахуалда ота жасап жатқанда қан керек деп жатқан туысқандармыз бар. Сол кезде кәдімгідей ойға түсесің. Неге мен де қан беріп, көмегімді тигізбеске дегендей.
Республикалық қан орталығына белгілі бір қан тобы қажет деп еліміздің барлық медициналық мекемесі үнемі сұраныс жасайды. «Қан әсіресе онкологиялық дертке шалдыққан балаларға өте қажет. Алайда оларға кез келген адамның қаны сәйкес келе бермейді», - дейді дәрігерлер.
Саида Арыспаева, Республикалық қан орталығы директорының орынбасары:
- Қанның үйлесімді компонентін жиып алу үшін донорлардан алынған қанға жекелеген зертханалық сараптама жасаймыз. Ай сайын біздің орталық еліміздегі медициналық мекемелерін 2 мыңнан астам донорлық қан компонентімен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мыңнан астам зертханалық қызмет түрін көрсетеді.
Республикалық қан орталығында санитарлық талап қатал. Бактериялар мен инфекция тарамас үшін күнделікті қолданылатын медициналық бұйымдар үнемі тазаланып, дезинфекцияланып тұрады.
Саида Арыспаева, Республикалық қан орталығы директорының орынбасары:
- Республикалық қан орталығы донордан қан алуды ғана мақсат етпейді. Біз алдымен олардың денсаулығын қадағалаймыз. Ағзаларына ешқандай нұқсан келмесе екен дейміз. Өзгеге көмектесемін деп өзіне-өзі ешқандай зардап келтіріп алмауы керегін ескертеміз. Соңғы екі жыл көлемінде тек отандық донорлардың қанын пайдаланып келеміз. Ал Нұр-Сұлтан қаласында қан қызметіне қажет медициналық бұйымдарды шығаратын зауыт салынды. Олардың сапасы шетелдік өндіруші компаниялардан еш кем емес. Бұл – біз үшін зор мақтаныш.
Егер адам 500 миллилитр қан тапсырса, оның денсаулығына ешқандай зиян тимейтінін медицина ғылымы дәлелдеген. Ал қан тапсырып болған соң ағзадағы мөлшері 20 сағаттан кейін қалпына келеді.
Авторлары: Алмас Садуақас, Валентин Лобанов