Бостандыққа шыққан педофилдерге электронды білезік кигізілмек
Қоғам белсенділері биыл 50-ге жуық педофилдің бостандыққа шыққанын және олардан келер қауіптің зор екенін айтып, бірнеше рет дабыл қаққан еді. Дабыл қағатын жөні бар. Өйткені бостандыққа шыққан осы 50 педофилдің тек біреуіне ғана химиялық кастрация жасалыпты. Өйткені бұл жаза «психологиялық ауытқуы бар» деп танылған қылмыскерлерге ғана қолданылады екен. Сондықтан «ақыл-есі дұрыс» деп табылған өзге педофилдер жазадан оп-оңай сытылып кетіп отыр.
Әрине, бұл – парадокс. Өйткені мұндай әрекетке ақыл есі дұрыс адамның бармайтыны анық қой. Ең қорқыныштысы, олар қоғамға қалай бейімделеді?
Өткен жылдың жазында Сәтбаевта болған оқиға қоғамда резонанс тудырды. 62 жастағы жергілікті тұрғын 5 жасар бүлдіршінді ұрлап кетіп, «зорламақ болды» деген күдікпен ұсталды. Әбден ашынған халық: «Күдіктіні өз қолымызбен жазалаймыз» деп өре көтерілді. Алайда қолға түскен күдікті тергеу изоляторында көп отырмады. Өз өзіне қол жұмсап, көз жұмды. Бірақ жас балаларға азғындық жасағандардың бәрі бірдей түрмеден қайта оралмайды деген сөз емес. Биыл жыл басынан бері 50-ге жуық педофил жазасын толық өтеп бостандыққа шыққан.
Ержан Базарбаев, психолог:
- Педофилия жасаған кісілердің мұндай әрекетті қайталау ықтималы жоғары. Бұларды бостандыққа шыққанның өзінде қараусыз қалдырмау керек. Олардың қайта өмір бастап кетуі түрмеде қалай өмір өткізгеніне байланысты. Егер олармен ешқандай психологтар жұмыс істемеген болса, онда бұл адамдарға ондай шектеулердің аса бір пайдасы болады деп ойламаймын.
Мамандар: «Мұндай жандардың 90% өзгермейді», – дейді. Ал жауапты органдар олардың бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірі оңалту жұмыстарының қалай жүргізілгеніне байланысты екенін айтады.
Бибігүл Мұңайтпасова, ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басқарма бастығы:
- Бостандыққа шыққанға дейін олар еңбекке тартылады, мамандық игеруіне мүмкіндік беріледі. Орта білімі жоқтардың білім алуына жағдай жасаймыз. Бірақ бостандыққа шыққан соң, олардың қоғамға сіңісіп кетуі үшін әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетілуі тиіс.
Кейінгі жылдары балаларға қатысты қылмыстар бойынша заңнама біршама күшейтілді. Педофилдер рақымшылыққа ілінбейді, 20 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылады. Түрмеден шыққаннан кейін де әкімшілік бақылау мерзімі де ұзартылады.
Алексей Милюк, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұрын бостандыққа шыққан мұндай жандар 3 жыл әкімшілік бақылауда болса, қазір бұл мерзім 8 жылға ұзартылды. Олардың көңіл көтеру орындарына, білім мекемелеріне баруына тыйым салынады. Тұрғылықты мекен-жайынан түнгі 11 мен таңғы 6 аралығында шығуына болмайды.
Қоғам мұндай жандарға химиялық кастрация жасауды қолдайды. Бірақ бұл жаза кез келген педофилге қолданылмайды екен.
Мекемтас Қажымұқан, Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының судьясы:
- Химиялық кастрация педофилияға бейімді, психологиялық тұрғыдан ауытқушылығы бар жандарға ғана жасалады. Яғни медициналық сараптама осыны дәлелдеуі керек. Бұл бас бостандығынан айырумен қатар қолданылатын қосымша жаза түрі болып саналды. Қылмыскердің «ақыл есі дұрыс» деп табылса, олар тек түрмеге жабылады.
Бас Прокуратураның деректері педофилдердің қатысуымен болатын қылмыстың азаймағанын көрсетіп отыр. Соңғы бес жылда елімізде балаларға қарсы сексуалдық сипаттағы 3893 қылмыс тіркелген. Зорлау фактісі 2016 жылмен салыстырғанда 45% өскен. Тіркелген қылмыстық істерде зорлау, қорлық көрсету, жас балаларды азғындық жолға түсіру фактілері екен. Түрмеде бүгінде 1800 педофил отыр. Түптің түбінде олардың да бостандыққа шығары анық. Педофилдердің жазасын ғана күшейту жеткіліксіз, балалардың қауіпсіздігін күшейткен жөн болар.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Тимур Қазағұлов