ШҚО-да белгісіз дерттен мал қырылып жатыр
Сәуір айында бірнеше қожалықтың жас төлі қынадай қырылған. Бастапқыда облыстағы ветеринарлар қозы мен бұзаудың аштан өліп жатқанын айтқан. Алайда зертханалық сараптама нәтижесі бойынша «анаэробты интер таксин» деген инфекциядан өлгені анықталды. Бұл – малдың ішкі құрылысын зақымдайтын ауру. Ал қазір осы Шілікті ауылы мен оның маңындағы бірнеше қожалықтың ірі қарасы белгісіз індеттің ілмегіне ілінді.
Шілікті – шекараның шегіндегі ауыл. Халық тек мал өсіріп, тірлік етіп отыр. Бірақ биылғы көктемде кейбір шаруашылықтардың малына індет тиіп, жас төл қырылған. Айболат Лекеровтың 150 қозысы өлген. Аудан мен облыстан келген ветеринарлар бастапқыда жас төл аштан қырылып жатыр деп болжам айтқан.
Айболат Лекеров, жеке шаруа қожалығының өкілі:
- Аурудың сараптама қорытындысы шықты. Ауру екені анықталды. Аштан өлмегені дәлелденді. Ол ауру күні бүгінге дейін жалғасып жатыр. Ұсақ малдардан қойлар ақсап жатыр. Төлдің өлуі тыйылды. Ауру тоқтамағанына, оның алдын-алу іс-шараларының жүргізілмегеніне алаңдаймыз. Ауру әлі тоқтаған жоқ.
Ауру тоқтамағанын басқа шаруашылық иелері де растап отыр. Қазір белгісіз індет ірі қарадан да шығып жатыр.
Бұл қожалықтан соңғы бір айда 10-нан аса сиыр ауырған. Бақташының айтуынша, ірі қараның ерні, езуі, тілі көлдіреп ісіп, аузынан сілекей шұбырады. Тіпті бірнеше тәуліктен соң мүлде шөп жұлып, оттай алмай қалады. Шаруалар: «Аурудың белгілеріне қарап, аусыл ма», – деп алаңдап отыр.
Айдос Мәдиев, бақташы:
- «Аусылдың» белгілері негізі. «Сілекейі ағып, аузы уылады», – дейді. Солай деп топшылап отырмыз. Мына сиыр кеше, алдынғы күні бұзау тастап кетті. Ауырды да. Әйтпесе бүтін жүрген сиыр болатын. Желіндеп, «итокеспен» егіп, ақырын емдеп отырмыз. Басқа қолдан келетін шара жоқ қой.
Шарасы жоқ шаруалардың жағдайынан облыстағы ветеринария саласына жауапты органдар түгел хабардар. Әзірше сынама алған. Өлген төл үшін жеке қожалықтарға өтемақы төленбейді. Ветеринарлардың айтуынша, «анаэробты интер таксин » деген індет өтемақы төлейтін аурудың тізімінде жоқ.
Қымбат Еңсебаев, «Зайсан аудандық ветеринарлық қызметі» МКК директорының орынбасары:
- Бұл ауру ас қорыту жүйесінде болғындықтан, анаэробты, бір-біріне жұққандықтан, сол жерде шектеу қойылса, қаупі жоқ. Эпизотиялық ахуалға қарсы отрядтан мамандар келіп, сынама алып, зертханадан тексеру үстінде. Сынаманы 17-мамыр күні алған. Нәтиже әлі жоқ.
Аудандық ветеринария бөлімінің қызметкерлері орталықтан сынама нәтижесін күтіп жүргенде ауру асқынып барады.
Айдос Мәдиев, бақташы:
- Тек қана бізден емес. Көрші шаруа қожалығынан өлді. Кеше сиыры өліп қалды, ауырып. Өтіп кетсе, өліп те қалады екен.
Індетті індету үшін шаруалар өз білген ем-домын жасап жатыр. Осы белгісіз аурудың кесірінен кейбірі жайлауға да көше алмай жүр. Ал ветеринарлық қызмет мамандары Зайсан ауданында жалпы белгісіз ауруға қаншы мал шалдыққанын айта алмай отыр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов