Елімізде дәнді дақылдарды өңдеуге арналған екі кешен салынады
Сондай-ақ еліміз алдағы 5 жылда тауық еті бойынша импортқа тәуелділіктен арыла ма деген үміт бар. Қазір жұмыс істеп тұрған фабрикалардың қуаты күшейтіліп, бірнеше жаңа нысан бой көтереді. Басқа, басқа Қазақстан дәнді-дақыл өсіруде өзгелерге үлгі болмаса, ұтылған жоқ. Тек бидай мен арпа экспортынан орташа есеппен жылына 400 млн долларға дейін пайда түседі. Оған басқа өнім түрленін қосыңыз. Егер оны өңдесек, табысымыз тіпті еселене түседі. Осы бағыттағы жұмысты үйлестіретін Бақытгүл Әбдрахманова сөзімізге нақты мысал келтірді.
Бақытгүл Әбдірахманова, компания директорының орынбасары:
- Міне, сұлыны алсақ, ол мал азығы ретінде келісі 90 теңге болып табылады. Ал өңделген ретінде келісі мың теңгеге дейін барады.
Айырмашылығын аңғару үшін мықты есепші болудың керегі жоқ. Айтпақшы, бұл өнімнің бәрі өзіміздегі үш кәсіпорында шығарылады. Олар азықтық бағыт. Оған қоса, биыл Ақмола мен Түркістан облыстарында жоңышқа, зығыр сабанын өңдейтін екі кешен салынады. Технология сауатты жолға қойылса, қалдықты да кәдеге жаратып, құнарлы жемге айналдыруға болады екен.
Бақытгүл Әбдірахманова, компания директорының орынбасары:
- Бұршақтың қабығы болсын, күріштің қабығы болсын бұларды мал тек қана өзін берсеңіз жемейді. Сондықтан бұларды жем-шөпке қосып, түйіршік ретінде шығарсақ, пайдасы көп.
Әрине, мұның бәрі бір сәтте жүзеге аспайды. Сондықтан әзірге өнімді өңдемей, шикізат түрінде сатуға тура келеді. Бұған да іскерлік көзбен қараған дұрыс. Айтып тұрғанымыз, өнімді сататын қолайлы сәтті бажайлай білу.
Анастасия Тоякова, компания құрылтайшысы:
- Былтыр халықаралық ірі компаниялар «баға түседі» деген ақпарат айтып, біздің өнімді ерте сатып алмақшы болды. Өзіміз жасаған зерттеу керісінше өнімнің қымбаттайтынын көрсетті. Болжағанымыздай, кейін баға өсіп, шаруалар өнімін қымбатқа сатты. Кейде тауарды ертерек сатқан тиімді. Оны да алдын ала анықтап, әлемдік ахуал туралы мәліметті де шаруаларға жеткізіп тұрамыз.
Импортқа тәуелді тұстарымыз да бар. Ол әсіресе тауық етіне қатысты. Қазақстанда жылына 300 мың тонна тауық еті өндіріледі. Бірақ бұл ішкі сұраныстың 60% ғана жабады екен.
Руслан Шәріпов, Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті:
- Бұрынғы ескі фабрикалар үлкейіп, жаңа фабрикалар салынып отыр. Қазірдің өзінде 2-3 фабрика салынды. Ол Маңғыстауда, Ақмола облысында болады. Қызылордада қазір жоқ. Ол жерде шамамен 3-4 мың тонна ет өндіретін кішкентай фабрика салынайын деп жатыр.
Алдағы бес жыл көлемінде еліміздегі құс фабрикалары жылына 700 мың тонна тауық етін өндіруге қауқарлы болады. Отандық құс өсірушілер осылайша импортқа тәуелділіктен арыламыз деп отыр.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Қанат Әбілдин