Қостанайлық шаруалар субсидияны ұзақ күтті
Олардың берген өтініштері 4-5 ай бойы қаралмаған. Салдарынан шаруалар химиялық тыңайтқышты уақытылы ала алмады.
Ал заңға сәйкес субсидияға қатысты өтініш 3 күннің ішінде мақұлдануы шарт. Осыған байланысты Мемлекеттік қызмет істері департаменті облыстық ауыл шарауашылығы басқармасына нұсқама жіберген. Тек содан кейін шаруаларға субсидия беріле бастады. Ал осы салаға жауапты бөлім басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Гүлнәра Шағырова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басқарма басшысы:
- Ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері тіпті келіп түскен тапсырыстарды тіркемеген. Ал олар 1 күннің ішінде тіркелуі шарт. Айтатын уәждері – «қызметкерлер жетіспейді, сондықтан үлгірмей жатырмыз», - дейді. Бірақ бұл сылтау емес. Неге шаруалар субсидияны 4 ай күтуі қажет?