ШҚО-да жол жөндейтін мамандар жетіспейді
Негізгі жұмыстар тоқтайтын қыс маусымының өзінде ел бойынша бұл салада 4 мың маман жетіспейді. Ал құрылыс қызатын жаз кезінде бұл көрсеткіш 2-3 өсе өсіп кетеді. Мәселен, Шығыс Қазақстанда салынып жатқан ең ірі екі жол құрылысына дәл қазір 400 маман керек. Өскемен-Талдықорған және Қалбатау-Майқапшағай жол құрылыстары – Шығыс Қазақстандағы ең ірі жоба. Қос құрылысқа 17 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Бүкіл ел аяқталуын асыға күтіп отырған осы жұмыстардың сапасын бақылайтын зертханашылар қазір жоқтың қасы. Облыстағы жол сапасына жауапты мекеменің зертхана инженері Еркін Даумовтың айтуынша, университетті бір жылда жол саласы бойынша 15 маман бітіріп шықса, соның бесеуі ғана өз мамандығымен жұмыс істейтін көрінеді. Сол бесеудің біреуі ғана зертханаға орналасады. Бұл жол сапасын саралайтындардың аздығын білдіреді.
Еркін Даумов, ШҚО «Ұлттық жол активтері сапа орталығының» инженері:
- «Қалбатау-Майқапшағай» автожолында зертхана басшысы 450 мың теңге еңбекақы және лаборанттар 250 мың жалақымен қажет. Жол зертханашылары мамандары жол құрылыс материалдарын уақытында тексермесе, жол құрылыс сапасы нашарлайтын болады.
Аталған жол нысанына тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы өкілдері бізге осы екі жолды салып жатқан мердігер компаниялардағы кадр тапшылығы жайлы нақты ақпарат жинап берді. Сөйтіп оларда инженер, геодезист, экскаватор және бульдозер операторлары, қарапайым жұмысшылар жетпей жатыр. Осылайша, екі құрылыс басына дәл қазір 400 маман керек екен.
Асылбек Нұғыманов , «ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚО филалы директорының орынбасары:
- Жол салуға адамдар не үшін келмейді. Біріншіден, бұл – маусымдық жұмыс, яғни сәуірден қарашаға дейін ғана еңбек етеміз, 4 ай тоқтаймыз. Екіншіден, жол салып жатқан соң, әрине, шалғайда, далада жұмыс істеуге тура келеді. Тіпті вахталық қалашықтар салсақ та, көпшілік отбасынан алыс жүргісі келмейді.
Бақыт Қалымов – жол құрылысы саласының ардагері. Еңбек жолын сонау 1970 жылдары бастаған азамат құрылыстағы қиындық кадр дайындаудағы кемшіліктен кетіп жатыр деп санайды. Айтуынша, өнеркәсіптік-азаматтық құрылыс пен жол-көпір құрылыстарының барлығын біріктіріп тастаған. «Бұл – үлкен қателік, өйткені әр бағыттың өз құрылысшысы болуы керек», – дейді ардагер.
Бақыт Қалымов, жол құрылысы саласының ардагері:
- Жол құрылысын, көпір құрылысын таңдау үшін мектептерде жоғарғы сыныптарда оқушылармен кездесіп, әңгіме жүргізу арқылы тарту керек. Артыңда із қалатын сияқты із қалдырып отырамыз, ол өмірлік болып қалады.
Қазір мердігерлер кейбір керекті құрылысшыларды шет елден алдыруға мәжбүр. Мәселен, «Қалбатау-Майқапшағай» бағытында сондай 50 адам жұмыс істеп жүр. Олар: «Өзге облыстардан да кадрлар келсе, қуана қабылдаймыз», – дейді. Ал «ҚазАвтоЖол» компаниясы білім басқармасына ең қажетті мамандарды қысқа мерзімде дайындау туралы ұсыныс білдірді.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабақанов