Алматылық компания Балқаш көлі жағалауындағы қоймаға қорғасын ұнтағын тасуда
Нұртас Өміршеков, Шашубай кентінің тұрғыны:
- Қорғасын ұнтағының құрамында мышьяк, қорғасын бар. Олар – ауыр металдар, улы заттар. Ол ертең суға сіңеді, ауамен шаңы ұшады. Мына жерде қаншама кішкентай балалар ойнайды. Денсаулыққа зиян. Онкологиялық аурулар пайда болады. Егер суға кетіп қалса, балық қырылады.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қазірдің өзінде бір қойма қорғасын ұнтағына толып тұр. Екіншісіне де жеткізіліп жатыр екен. Мұнда бір кездері алтын өндірілген. Кейін кәсіпорын тоқтап, қаптаған ғимарат қаңырап бос қалады. Банкте кепілдікте тұрған бұл нысандарды алматылық компания сатып алған. Әу баста ол жерге қорғасын өндіретін зауыт салынады деген әңгіме ел арасында желдей ескенмен, кейін құрылтайшылар бұл ақпаратты жоққа шығарған.
Абылай Базылұлы, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:
- Экология департаменті мен Балқаш Алакөл су қорғау инспекциясының тексерген актілерінің қаншалықты дұрыс, дұрыс емес екені жөнінде облыстық прокуратураға сұраныс жібердік. Жауап осы аптада келуі керек. Содан кейін ол қойманың әрі қарай жұмыс істейтіні-істемейтіні жөнінде тиісті шараларды қабылдаймыз.
Телефонмен тілдескенімізде олар зауыттың басқа жерде ашылатынын айтты. Ал ұнтақтан қорғасынды түгел сүзіп алған соң, қалған қалдық Семейге жөнелтілмек. Бірақ тұрғындар бұл уәжге күдікпен қарайды. Олардың наразылығынан соң, мұнда жоспардан тыс тексеріс жұмыстары басталған.
Нысан Балқаш көлінен 450 метр қашықтықта орналасқанына қарамастан, экологтар мен «Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы» мамандары қоймадан келетін қауіп жоқ деген қорытынды шығарады. Соған қарамастан қазір жергілікті биліктің араласуымен қоймалар уақытша жабылды. Әкімдік мамандары тексеріс қорытындысының қаншалықты заңды екенін білу үшін қадағалаушы органға хат жолдаған.