Ақмола облысында скауттық лагердің жаңа бағыты ашылды
Ақмола облысында скауттық лагердің жаңа бағыты ашылды. Онда өскелең ұрпақ өмір сүру дағдыларын ғана емес, табиғатқа қамқорлықпен қарауға, әрі көшбасшылық қабілеттерді бойына сіңіруге мүмкіндік алады.
Ну орман. Табиғатпен үйлесім. Ашық аспан астындағы ойын – бұл қаланың балалары үшін тансық нәрсе. Әдетте гаджетте телміріп отыратын олардың бүгінгі міндеті басқа.
Ерлан Жұмабаев, Нұр-сұлтан қаласының тұрғыны:
- Скауттардың көмегімен жаңа мына шатырды құрып үйренді. «Орман, таза ауа» дегенді қазір бағалай бастады. Келгелі бері мысалы, қыздарым телефондарын бір де бір сұраған да жоқ.
Адель Жұмабаева, Нұр-сұлтан қаласының тұрғыны:
- Өте қызықты заттар істеуге болады. Телефонда отырудан жақсы.
Иә, балалар да, ата-аналары да дән риза. Скауттардың жетекшілігімен балалар ойын арқылы үлкен өмірге бейімделіп жатқандарын тіптен аңғармай да жүр.
Павел Казанцев, «Ұлы дала скауттары» ҚБ президенті:
- Бір қызығы, скауттар тапсырмаларының басым бөлігі командалық құрамаға негізделген. Ал бұл олардың көшбасшылық қасиеттерін ашуға көмектеседі.
Скауттардың қатарына жасына қарамастан кез келген адам қосыла алады. Бірақ нағыз скаут болу үшін ашық аспан астында уақыт өткізу жеткіліксіз, өмір салтын ұстану – міндет. Қазір әлемде 60 миллионнан астам скаут бар.
Дана Әлиева, тілші:
- Скауттардың тағы қағидаларының бірі – табиғатқа еш зиян келтірмей демалу. Сондықтан мұндағы әткеншектердің ешбірінен шегенің ізін таппайсыз. Мәселен, мына бөрене көрші орманнан табылған. Ал мындағы арқандарды кез келген уақытта ағаштарға зиянын келтірмей шешуге болады.
Шығуға үлкендердің батылы бара бермейтін мына арқан паркін балалар еш кедергісіз өтеді. Себебі жүректі тербейтін үрей мен сенімсіздік – көбіне балаларға жат ұғым. Қазірден бастап шынықса, алар асулары одан да биіктей түсетініне скауттар сенімді. Ал мақсат қоя білу, қалағанына ұмтылу деген қасиеттерді дамыту үшін садақ атуға көп көңіл бөлінеді.
Ильдар Катенов, «Ұлы дала скауттары» ҚБ бас хатшысы:
- Қазіргі заманда садақ ату шеберлігі қажет емес болып көрінуі мүмкін. Десек те біз бұны насихаттаймыз. Өйткені бұл – біздің ата-бабамыздан мирас болған шеберлік. Садақ атып үйрену үшін ұстамдылық керек. Көбіне адамдардың мақсатқа қол жеткізу үшін жігері жеткіліксіз боп жатады. Біз балалардың бойында осындай ойындар арқылы табандылықты қазірден бастап қалыптастырсақ дейміз.
Кеш қарайған шақта скауттар балалармен бірге от алдына жиналады. Гитарамен әуен де, түнгі әңгіме-дүкен де, қызықтың бәрі осында.
Авторлары: Дана Әлиева, Болотбек Табалдиев