Атырау облысында мал азығы аздық етіп тұр
Қазірдің өзінде қырдың шөбі күйіп, ораққа ілінетін қылтанақ қалмаған. Дегенмен қолда бар малдарын азықтан тарықтырмау үшін шаруалар шамалары келгенше тырбынып жатыр. Мұнайлы өңірдің малы қыстан қысылмай шығуы үшін 574 мың тонна мал азығы керек. Қазір оның былтырғы қалдық қорды қосқанда 52% дайындалған. Маусым айында басталған пішен дайындау науқаны жүйелі болғанымен, жемісі аз. Шаруалар жетпейтін жем-шөпті өзге өңірлерден сатып алуға мәжбүр.
Шілде айы «жасыл орақтың» нағыз қызған кезі болғанымен, биыл дала қосындарында тірлік баяу. Жылда шаруалар бұл мезгілде қажетті жем-шөптің басым бөлігін дайындап, қыстақтарға тасып үлгеретін. Біз аралап көрген «Шодыркөл» алқабының әр гектарынан бұрын 12-15 центнер құрақ пен ажырық түсетін. Алайда қуаңшылық салдарынан шөптің сапасы мен түсімі күрт азайып кеткен.
Еркін Жұмашев, пішен бригадасының тиеушісі:
- Шөп шамалы шығып тұр ғой, сиректеу. Жылда алып жүргеннен биыл өте азғантайлау. Көлтабанның өзінен шамалы шығып тұр. Қырда шабындық болғанымен, қазір жаңбыр жоқ, шөп жоқ. Құрғақшылық, көлтабаннан басқа жер орақ салуға келмейді.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Пішеншілердің сөзінен байқағанымыздай, биыл ала қырға орақ салу еңбекке тұрмайтын секілді. Тіпті көлтабанның өзінде шығып жатқан шөптің сапасын көріп тұрсыздар, міне, қамыс пен қара өлеңнен басқа ештеңе жоқ. Осындай еңбекпен шапқан шөптің бағасы да көтеріліп барады. Мысалы, былтыр бір бума шөптің бағасы 7-8 мың теңге болса, 12 мың теңгеге дейін қымбаттай ма деп қорқады шаруалар.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде облыстағы 7 ауданның ішінде тек Қызылқоға ауданы ғана өзіне керекті 6,5 мың тонна ірі сабақты шөп дайындап алған. Сондай-ақ Құрманғазы ауданында да жағдай жаман емес секілді.
Амангелді Саламат, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Қалған аудандардың барлығы көршілес облыстардан тасымалдайды. Ақтөбе облысының Байғанин, Ойыл аудандарынан, одан кейін көршілес БҚ облысы Ақжайық, Жаңақала және Сырым аудандарынан тасымалданады.
Өзге өңірлерден тасымалданатын шөптің шығыны шауралардың мойнына түсері даусыз. Осы мақсатқа Ауыл шаруашылығы басқармасы республиалық бюджеттен 1 млрд теңге сұраған еді. Оның 400 млн теңгесі алынып, шаруагерлерге субсидия ретінде бөлініп берілуде. Қалған сома жыл аяғына дейін жетуі тиіс.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов