Павлодар облысының тұрғындары су спортының жаңа түрін игеруде
Бір топ жас кәсіпкер судағы туризмді дамытуды мақсат еткен. Үрлемелі тақтайшамен жүзуді үйренгісі келетіндердің қарасы қалың. Осы жолы бір топ оқушы келіп, оқу курсынан өтті. 15 минуттық нұсқамадан соң, қолдарына ескек алды.
Сапбординг Еуропа елдері мен Ресейде қарқынды дамыған. Павлодар үшін таңсыз дүние болса да, жас кәсіпкерлер судағы спорт түрін дамытуды қолға алды.
Мұратжан Оспанов, оқушы:
- Бұл – алғашқы тәжірибем. Бастапқыда қатты қорықтым. Нұсқамашының кеңестерін мұқият тыңдап, айтқанын мүдірмей орындадым. Кейін қорқуды қойып, жүзіп кеттім.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Серуен қауіпсіз болу үшін сізге бірінші кезекте құтқару жилеті киіледі, ал аяғыңызға сақтандыру жібі ілінеді. Басты талап – судан қорқыныштың болмауы. Мамандардың айтуынша, жүзуге келген адам алғашқы 40 минут судан қорқады. Кейін бұның бәрі сейіліп кетеді.
Эдвард Зальцзборн, нұсқаушы:
- Сапбордты, есекті пайдалану ережелерін түсіндіреміз. Қауіпсіздік ережелері де басты назарда. Демалушылар тобын екі нұсқаушы бақылаймыз. Бұған дейін бірде бір оқыс оқиға тіркелген жоқ.
Тақтайшамен жүзу 1,5 сағатқа шақталған. Осы уақыт аралығында демалушылар үш шақырымдық жолды еңсеріп, қарт Ертістің сұлу табиғатын тамашалайды. Бүгінде аптасына 30-ға жуық адам келіп, сапбордтың техникасын игеруде.
Владимир Ключников, кәсіпкер:
- Өзім белсенді спорт түрлерін ұнатамын. Павлодарда бұл бағыттағы дамелыс түрлері жоқтың қасы. Сапбордингті сол үшін таңдадым. Алдымен бірнеше құрал сатып алдым. Қазір олардың саны 15-ке жетті. Бұл – экологиялық таза жоба. Тұрғындарға демалып, спортпен шұғылдануға да мүмкіндік береміз.
Жоба авторлары балаларға арналған су спорты мектебін ашуға ниетті. Сапбординг қарқын алып, үйренемін деушілердің саны артса, болашақта жарыстар да өткізілмек.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков