10 тамызға дейін вакцина алу – міндет
Яғни қоғамдық орындар мен қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейтіндер екпенің бірінші компонентін 10 тамызға дейін салдыруы керек. Одан кейін тексеру жүргізіліп, ұжымда вакцина салдырмаған қызметкері бар кәсіпорын жауапқа тартылуы мүмкін. Ал екпенің екінші компонентін алу 1 қыркүйекке дейін ұйымдастырылуы тиіс.
Тағы бір өзгеріс жұмыс беруші коронавирусқа қарсы екпе алмаған қызметкерлерді жұмысқа кіргізбеуге құқылы. Бұл талап тек соңғы үш айда індетпен ауырып шыққандар мен медициналық қарсы көрсетілімі барларға қатысты емес. Сонымен қатар енді елге ұшып келген қазақстандықтар сынама тапсыру үшін үш күнге оқшауланады. Шеттен вирус жұқтырып келгендер инфекциялық стационарға жатқызылады.