Петропавлдағы тарихи нысан қалпына келтіріледі
Мәселен, «Қалыңдық үйі» деп аталып кеткен нысан апаттық деп танылып, күрделі жөндеуден өткен еді. Алайда бес жылдан соң ғимараттың қабырғалары қайта сөгіліп, қазір жаңғыртуды талап етуде.
Түрлі аңыз әңгімеге сүйенетін болсақ, бұл нысанды Мәскеудегі байдың қызына ғашық болған петропавлдық көпес Янгузаров салдырған. Ол үшін Италиядан арнайы сәулетшілерді алдыртыпты. Екі қабатты еңселі ғимарат барокка стилінде, яғни ұлттық нашықпен астасып тұрғызылған. Бір ғасырдан астам тарихы бар нысан 90-шы жылдары осы маңдағы мешіттің қарамағына өткен. Содан бері тек бір мәрте жөнделіпті.
Нұрболат Әбуов, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Қайта қалпына келтіру жұмыстары осыдан 5 жыл бұрын ғана жүргізілді. Шамамен 60 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған екен. Дегенмен жағдайы әлі сын көтермейді. Көктемде су басады, қабырғалары да жарылып жатыр. Мұндай тарихи нысандарды біз сақтап қалуымыз керек.
Аталған мәселе жыл соңына дейін шешіледі. Мәдениет басқармасындағылар апаттық ғимарат мемлекеттің қарамағына өтетінін айтып отыр. Сәтін салса, келер жылы қайтадан жаңғыртылады.
Жалпы бүгінгі күні Петропавлда осындай 64 тарихи мәдени ескерткіш бар. Оның 47-і тоқырау жылдары сатылып кеткен. Қазір төрт нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның тең жартысы (екеуі) мемлекеттің меншігінде. Жалпы айта кету қажет, қала тарихи ғимараттар саны бойынша елімізде көшбастап тұр.
Рахат Мәмбеталинов, «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану орталығы» МКМ директоры:
- 2000 жылдарға дейін мұндай нысандарды сатуға заңды түрде рұқсат берілді. Бүгінгі күні жекенің қолына өткен ғимараттардың үшеуін саудаға шығарған екен. Дегенмен бұл нысандар ескерткіш ретінде сақталғандықтан, кәсіпкерлер бізбен міндетті түрде қауіпсіздік міндеттемесі бойынша келісімге отыру керек. Яғни олар нысаның сыртын бұрынғы қалпында сақтауы тиіс.
Осындай келісім жасасқан кәсіпкерлердің бірі қазір облыс орталығында қираған мәдени нысанды қайта қалпына келтіріп жатыр. Ол үшін құрылысқа қажет әр кірпішті арнайы Ресейден алдыртқан.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- 1913 жылғы бұл ғимарат о баста сауда үйі ретінде бой көтерген. Ұлы Отан соғысы жылдары мұнда госпиталь, артынша жергілікті аурухананың корпусы болған. Тоқырау жылдары қаңырап бос қалған нысан алдағы уақытта сауда ойын-сауық орталығына айналмақ.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев