Ақтөбелік медицина қызметкерлерінің бірде-біреуі короновирус дертін жұқтырмаған
Бұл жетістікті олар дер кезінде вакцина салдырғанның нәтижесі деп отыр. Дәрігерлер мен медбикелер алғашқылардың бірі болып екпе алған. Провизорлық орталықта қауіпті дерттің қатерін өз көздерімен көргендер ақпан айында вакцина алған.
Әйгерім Төкебаева Ақтөбе медициналық орталығының қабылдау бөлімінде еңбек етеді. Науқастың дертін анықтап, тиісті бөлімшеге жатқызатын жауапты терапевттердің бірі. Қатерлі індет дендеген сәтте «қызыл» аймақта еңбек еткен білікті маман: «Жұқпалы дертке төтеп берудің бірден-бір жолы – екпе алу», – дейді. Сондықтан ақпан айында вакцина салдырыпты. Алайда бұл қағиданы жоққа шығарып, салдарынан төсек тартып жатқандар аз емес.
Әйгерім Төкебаева, Ақтөбе медициналық орталығының дәрігер-терапевті:
- Өкпе потологиясы бізде бар. Сондықтан бізде кейде «бронхиалды астма» деп аталады, сондай диагноздармен алып келеді. «Өкпе қуысының рентгені» деп аталады ғой, соларды өткізген кезде науқастарда пневмония байқалады. Біз олардан сұрастыру барысында эпиданамнезін сұраймыз, вакцина алғандығы жөнінде сұраймыз. Сол кезде олар вакцина алмаған болып шығады.
Ауруханада еңбек ететін 700-ге жуық қызметкердің 90% екпе салдырған. Қалғандары медициналық талаптар мен жүктілікке байланысты уақытша кідіруді жөн көріпті. Бірақ болашақта міндетті түрде вакцина аламыз деп отыр.
Гүлнәр Қадырқұлова, Ақтөбе медициналық орталығының эпидемиолог дәрігері:
- Қызметкерлердің денсаулығын сақтауды басты назарда ұстап отырмыз. Сондықтан екпе алған қызметкерлер ғана «қызыл» аймақ, инфекциялық стационар, қабылдау бөлімі, сосын интенсивті-қарқынды терапия бөлімінде жұмыс істеуге жіберіледі.
Ақтөбе медициналық орталығында жүкті әйелдерге арналған провизорлық стационар бар. Бұл жерде жыл басынан 472 әйел емделсе, оның 323-і ковид жұқтырған. Дәрігерлер шілде айында дерттің дендеп, науқастар саны үш жарым есе артқандығын айтып отыр. Олардың 90% вакцина салдырмаған отбасынан екендігі белгілі болды.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Соңғы деректерге сәйкес Ақтөбе облысының 206 мың 280 тұрғыны вакцинаның алғашқы құрамдас бөлігін салдырған. Әзірге жоспардың 45% ғана. Мамандардың айтуынша, ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлі де болса аздық етеді. Мұны науқастар санынан да аңғаруға болады. Мәселен кеше Ақтөбе облысының 88 тұрғыны індет жұқтырса, соңғы тәулікте 142 адам COVID-19 дертіне шалдыққан.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев