Ертіс өңірінде соңғы бес жылда кішкентай балалардың терезеден құлауы жиілеген
Қазір аймақта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қолға алынды.
Нұрқызар Касенова екі жиенін тәрбиелеп отыр. Аружан мен Айлана нағашы апасымен бірге тұрмаса да, қонаққа жиі келеді. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған ол бесінші қабаттағы терезесіне қорғаныс құралын орнатып алған.
Нұрқызар Қасенова, қала тұрғыны:
- Екі жиенім бар, олардың өмірі үшін өте қорқамын. Сондықтан қорғаныс құралын орнаттық. Үш мың теңге тұрады. Менің ойымша, бұл қымбат емес.
Пәтер иелерінің көбінің терезесінде қауіпсіздік құралдары жоқ болып шықты. Мамандардың айтуынша, көбінесе балалар ата-ананың қарауынсыз қалған кезде терезенің жақтауына ұмтылады екен.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Облыс аумағында осы жылдың үш айы ішінде тоғыз бала жоғары қабаттағы пәтерлердің терезелерінен құлаған. Тоғыз оқиғаның екеуі жазатайым оқиғамен аяқталды. Мерт болып, жарақаттанғандардың барлығы – мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер. Мамандардың айтуынша, мұндай москитті торлар баланы құтқара алмайды. Оны сәл итерсе, құрал төменге ұшып кетеді. Сондықтан арнайы бұғаттағыштарды пайдаланған жөн.
Мамандар: «Бұл - ойын баласының кінәсі емес», – дейді. Қайғылы оқиғаның болуының басты себебі – ата-аналардың салғырттығы. Бала қауіпсіздігі – ересектердің қолында. Бұл ойды ата-аналарға жеткізу мақсатында кешенді шаралар қолға алынған.
Бибігүл Қамзина, облыстық ПД ЖПҚ ювеналды полиция тобының аға инспекторы:
- Балаларды қараусыз қалдырған ата-аналар жауапқа тартылады. Қылмыстық кодексте тиісті шара қарастырылған. Биыл тіркелген тоғыз оқиғаның екеуі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Ата-аналар екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Алдын алу шараларын білім беру саласының өкілдері де өткізеді. Мамандар тіпті ата-аналармен әлеуметтік желі арқылы байланыс орнатып, қарапайым ережелерді түсіндіріп келеді.
Зәуре Қалиева, Павлодар қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Облыс орталығында балабақшаға баратын 18 мыңға жуық бала бар. Олардың 60% астамы, яғни 10 мыңға жуығы екінші қабаттан жоғары орналасқан пәтерде тұрады. Бір өкініштісі, пәтерлердің небары 37% арнайы қорғаныс құралы орнатылған.
Терезеден құлаған балалардың көпшілігі балабақша жасындағы бүлдіршіндер. Мамандардың айтуынша, баланы қорғау үшін қарапайым ережелерді сақтап, әйнектерге қорғаныс құралдарын орнатса жеткілікті. Олардың бағасы бойынша да мониторнг жүргізілді. Ішкі нарықта бір бұғаттағыштың бағасы – екі мың теңгеге жуық. Баланың өмірі әлдеқайда қымбат.
Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков