Коронавирустың ауыр түрін жұқтырған науқастар міндетті түрде оңалтудан өтуі керек
Ал симптомсыз немесе жеңіл түрде ауырып шыққандар оңалтуды қажет етпейді. Дегенмен тұрғындардың бәрі бірдей стационарлық емдеуден соң, оңалтуға бару керек екенін біле бермейді. Оның мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін екенінен де хабарсыз. Мәселен Алматы қаласы бойынша жыл басынан бері 400 адам ғана оңалту орталығына барып, арнайы ем алған.
Алматылық Мәди Жапақұлы ковидпен қатты ауырып тұрған. Емделіп болған соң, бірден учаскелік дәрігеріне барып, оңалтудан өтуге жолдама сұрапты. Бұл туралы теледидардан естіген.
Мәди Жапақұлы, қала тұрғыны:
- Алғашы келген кезімде тыныс алу жағынан ақаулар болған. Қазір міне, жердің таза ауасы одан кейін алып жатқан емдерім кәдімгідей шипа берді десем артық емес. Қазір денсаулығым жақсы.
Қазір Алматыда оңалтумен айналысатын 62 медициналық мекеменің біреуі ғана коронавируспен ауырып шыққандарға санаторлық жағдайда ем шараларын жүргізеді. Алатау бөктерінде теңіз деңгейінен 1500 метрге жуық биіктікте орналасқан бұл жердің ауасының өзі талай дертке ем. Мұнда келем деушілердің қарасы қалың. Бас дәрігердің айтуынша, орын жоқ. Тамыз айына алдын ала жазылып қойылған. Тағы кезекте 100 адам тұр.
Қуатжан Тұрысбеков, Оңалту орталығының бас дәрігері:
- Бүкіл дүниежүзі қазір оңалтуға басты назар аударып отыр. Бір жыл, он жылдан кейін не болады, оны ешкім білмейді. Сол үшін ешқандай асқынуларсыз науқастар аяғына тез тұрып, мүгедек болып қалмай, қайтадан жұмысқа араласып кетуі үшін оңалтудың маңызы зор.
Десе де коронавируспен қатты ауырып тұрғандар оңалтудан өту керек екенін қала тұрғындарының бірі білсе, бірі білмейді. Әлеуметтік сақтандыру арқылы медициналық оңалтуға бөлінетін қаржының көлемі де аз емес. Бір адамға 200 мың теңге жұмсалады. Тек Алматы қаласы бойынша биыл осы шараға 7,7 млрд теңге бөлінген.
Тілеухан Әбілдаев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ қалалық филиалының директоры:
- Емханаларында учаскелік дәрігерлері бар. Қажет болған жағдайда реабилитологқа жіберіледі. Дәрігерлік кеңестің қорытындысынан кейін оларға реабилитациялық көрсетілімдер болатын болса, жағдайына орай тиімді медициналық оңалту таңдайды. Содан кейін оны қанша уақыт жүргізу керектігі мен ауруханаға жататын күндерін анықтауға жолдама берілетін болады.
Осы жарты жылда Алматыда коронавирустың ауыр түрімен ауырғандардың тек 400-і оңалтудан өткен. Ал тұзды шахта, шунгитті терапия, физио емдеу, емдік жаттығулар – ковидтен құлан таза айығудың ең тиімді жолы. Бірақ ковид жұқтырған алматылықтардың барлығы 14 күн бұл ем-шараларды ала алмайтыны анық. Себебі мегаполисте індет жұқтырғандарды оңалтатын бір ғана мекеме жұмыс істеп тұр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев