Қарағанды облысындағы заңсыз қоқыс орындары толық жойылады
Экологтар елді мекендердің маңы тұрмыстық қалдықтарға толып бара жатқанын айтып, дабыл қағып отыр. Өзекті мәселе қалай шешілмек?
Қарағанды қаласының маңайындағы 34 гектар жерге тұрмыстық қалдықтар бей-берекет төгілген. Мамандар ғарыштық бақылау арқылы 251 заңсыз күл-қоқыс орнын анықтапты. Ал оларды жою үшін биыл қазынадан 30 миллион теңге қаржы бөлінген.
Қанат Мұсапарбеков, Қарағанды облыстық экология департаментінің басшысы:
- Өткен жылы облыс аумағында 1275 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның барлығы жергілікті биліктің көмегімен жойылған болатын. Биыл ғарыштық бақылау арқылы тағы 640 қоқыс орны әшкереленді. Оның 251-і Қарағанды қаласының төңірегінде.
Жыл басынан бері тұрмыстық қалдықты заңсыз төгіп, қоршаған ортаны ластаған 61 жеке және заңды тұлғаға 4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Тағы 6 мың адамға ескерту жасалыпты. Облыс аумағында күл-қоқыс төгетін арнайы полигондар болғанымен, басым бөлігі әлі күнге заңдастырылмаған.
Бақтияр Санбаев, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
- Облысымызда 202 қатты тұрмыстық қалдық полигоны бар. Бүгінгі күні 28 полигонның рұқсат құжаты бар. Құрылыс қалдықтарын көмуге арналған полигонның болмауы рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлер санының артуына және экологиялық нашарлауына ықпал етеді.
Жауапты мамандармен жиын өткізген Жеңіс Қасымбек бір ай мерзімінде барлық заңсыз күл-қоқыс орындарын жоюды тапсырды. Сондай-ақ өңірде жедел желінің іске қосылғанын хабарлады. «Әсіресе халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп, экологиялық мәдениетті арттыру керек», - деді аймақ басшысы.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев