Арқалықта мал шаруашылығын дамыту мақсатында екі ірі жоба қолға алынды
Ол үшін қазан айына дейін шетелден асыл тұқымды мал әкелініп, қалған бөлігі жақын өңірлерден сатып алынады.
Жаңадан салынып жатқан мынау ферма Ұлытау іргесіндегі жазық далада орналасқан. Арқалық қаласынан 40 шақырым қашықтағы шөбі құнарлы, суы мол Целинный ауылының маңында. Осынау Сарыарқа жазығында шаруашылыққа қарасты сегіз малшы қоса бар екен. Әрқайсысында 500 дегенде, жалпы мал саны 4 мың шамасында. Қарап отырсақ, малдың қоңы жаман емес.
Абай Хамзин, Мал шаруашылығы фермасының меңгерушісі:
- Малдың тұрған жерінде суы да бар, шөбі де бар. Қуаңшылыққа қарамастан, осындай су ағар, сай салада шөп көп. Енді малдың төл жағына келсек, енді жаз кезінде 800-900 грамм тәулігіне төл береді.
Бұл шаруашылық алдағы екі жылда мал басын 20 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Сол үшін қосымша 40 мың гектар жайылымдық жер алған. Оның сыртында биыл 5 мың басқа арналған бордақылау алаңының құрылысын бастады. Дәл осындай тағы бір мал байлау алаңы Арқалық қаласы маңында салынып жатыр. Олардың қажеттілігін өтеу үшін шетелден 2 мың 600 бас асыл тұқымды ірі қара әкелінбек.
Руслан Көлетов, Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Одан қалды көршілес Аманкелді, Жанкелді аудандарынан, Наурызым ауданынан, Қарағанды, Ақмола облыстарының малдарын тапсырады. Оны енді өздеріңіз білетіндей, ет комбинатымыздың жұмысын ілгерлету үшін жүзеге асырылады.
Қазір Арқалыққа қарасты шаруашылықтарда 30 мыңға жуық ірі қара бар. Биыл жыл аяғына дейін соны 40 мыңға жеткізу көзделіп отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг