Мініс жылқының отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері шешімін тапты
Жылқы шаруашылығында жағымды жаңалық. Мемлекет басшысы қол қойған заң шеңберінде мініс-жегін жылқының отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері шешімін тапты. Құрып кетудің алдында тұрған Қостанай жылқы зауытын алатын болсақ, қазына қаржысынан қағылғалы жағдайы мүшкіл. Кезінде кәсіпорында 300-ден астам асыл тұқымды жылқы болса, бүгінде соның үштен бірі ғана қалған. Енді оны қайта түлету мүмкіндігі туып отыр. Жаңа құжатқа сәйкес жылқыны асылдандыру бағытындағы селекция, күтіп-бағу шығындарына мемлекет субсидия бөледі.
Диас Нұрмұхамбетов, «Қазақ тұлпары» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
-Заң шықты, енді қаржы бөлінсе, біз қызу жұмысқа кірісеміз. Қосымша адамдар алып, бәрін қалпына келтіруге күш саламыз. Зертхананы іске қосып, селекциялық жұмысты жандандырамыз. Қостанай жылқы зауытын қайта жаңғыртуға шамамен бес жыл керек деп ойлаймын.
Елімізде мал және өсімдік шаруашылығының генетикалық орталығы құрылады. Соның негізінде жемшөп, сүт пен ет сапасын талдап, ДНҚ-талдау жүргізу және жемшөп дақылдары тұқымдарының сапасын бағалау жоспарланған. Сондай-ақ табиғи жайылымдық жерлердің өнімділігін арттыру технологиясын әзірлеп, құнарлы жайылым жүйесін қалыптастыру көзделіп отыр.