«Алматы - Семей» бағытындағы автомобиль жолы қайта жөнделіп жатыр
Енді бұл мәселе де көп ұзамай шешімін табады. «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» тас жолының құрылысы 2022 аяқталады. Жол салушылар: «Қазір жұмыс кестесінен ауытқушылық жоқ, құрылысты мерзімінде бітіреміз», – дейді. «Орталық-Оңтүстік» жобасы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Алматы мен Шығыс Қазақстан облысы арасындағы 800 шақырымға жуық магистральды қалпына келтіру, асфальт жабындысын жаңалау жұмыстары қазір қызған.
Оңтүстіктен күрек түскен «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» тасжолының құрылысы 2019 жылы басталған. Жалпы қашықтығы – 313 шақырым. Бұл жол 2-техникалық санатқа жатады. Яғни екі жолақты.
Нұрхат Ақылтаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры:
- Қайта жаңарту жұмыстары 2018 -2023 жылдарға есептелген. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары қазіргі таңда 80% аяқталған. Әр аумақ 200-ге жуық құрылыс техникаларымен қамтылған. Жалпы нысанда 2 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
Жолдың оңтүстік бөлігі 12 елді мекеннің тұсынан өтеді. Сондықтан жұмысқа жергілікті жердің адамдары тартылды. Ал шығыс жағында да дәл солай. Онда 2 мыңға тарта ауыл тұрғыны еңбекпен қамтылды. Олардың көбі асфальт төсегіш, автогрейдер операторы, экскаватор жүргізушісі сияқты жаңа мамандықтар игерді. Ал шаруалар жұмысшыларға өздері өсірген бау-бақша дақылдарын жеткізіп береді.
Аймұханбет Бәкімбаев, Ұлан ауданының тұрғыны:
- Жұмыс қол ашылып жатыр. Оның үстіне мінекей, жолымыз мынандай жақсы, сондай тегіс, өзімізге ұнайды. Енді мына жол түгелмен бітетін болса, төрт қатарлы жол біздің ауылға дейін жетсе, өте бір қуанышты жағдай болар еді.
Шығыс Қазақстан облысына тиесілі «Қалбатау-Майқапшағай» күре жолының ұзындығы – 454 шақырым. Мұнда да жұмыс күндіз-түні жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 15 шағын көпір мен 306 су өткізгіш құбырдың құрылысы аяқталды.
Асылбек Нұғманов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы басшысының орынбасары:
- Бүгінге дейін Шығыс Қазақстан облысы бойынша осы жолдың 64% жаңадан асфальт төселді. Келесі жылы нысанды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Жұмысқа негізінен осы жерге жақын маңдағы елді мекен тұрғындары алынды.
«Орталық-Оңтүстік» жобасының құны 318 млрд.теңге. Бұл көпқырлы көлік магистралі болады. Себебі онда 59 көпір, 4 жол айрығы мен 2 теміржол өткелі қарастырылған. Жол құрылысы толығымен 2022 жылы аяқаталады деп жоспарланған.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Ғафу Уәли, Радик Жакупов