Жергілікті ғалымдар картоптың жаңа сұрыпын ойлап тапты
Шетелдік картоп тұқымынан алынған жаңа сұрып ешқандай пестицидтер мен тыңайтқышсыз өсімдікте болатын 10 түрлі қауіпті ауруға төтеп бере алады. Жаңа картоп тұқымын даярлауда ғалымдар осыған басымдық берген. Яғни иммунитеті жоғары көкөніс алуға күш салған. Қазір зертханада картоптың 60-тан аса түрінен жаңа сұрып алып, оны жерсіндіру жолдары зерттеліп жатыр.
Биолог-ғалымдар картопқа қатысты селекциялық жұмысты бірнеше жыл бұрын бастады. Әуелі шетелдік картоп түрінің тұқымшасын арнайы түтікшелерде жеке-жеке көбейтеді. Ол тамырланып, жапырақ жайғанда жергілікті жердің ауа-райына төзімді болып өсуіне әрекет жасайды. Бірқатар зертханалық кезеңнен кейін жаңа сұрып алынады. Бірнеше биолог бірге атқарған көп жылғы ғылыми жұмыстың нәтижесінде біз картоптың бірқатар жаңа сұрыпын әзірледік. Оның ең басты ерекшелігі – шығыстың табиғатына бейімді.
Жаңа сұрыпты картоптың түсімі де жоғары болады деген болжам бар. Ғалымдардың айтуынша, жер құнарлы болса, гектарынан 35-40 тоннаға дейін өнім алуға болады. Бірақ өсімдікте болатын кейбір вирус картоптың жаңа тұқымына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан биологтар зертханының жылыжайында өнімнің ауруға төзімділігін зерттейді.
Олжас Керейхан, тілші:
- Ұзақ уақыт зертханалық зерттеуден өткен картоптың тұқымы осы алқапқа әкеліп отырғызылады. Дәл осы тұқымбақта жергілікті жердің ауа райына бейімделеді. Одан соң жаңа сұрып мемлекеттік реестерге енгізіледі. Дәл қазір бұл алқапта картоптың 25-тен аса түрі өсіп тұр.
Бұған дейін дайын болған жаңа сұрыпты картоптың өнімділігі мен төзімділігі жоғары екені дәлелденді. Қазір кейбір түрін шаруалар тұқым ретінде алып өсіруді бастаған.
Максим Сутула, зертхана меңгерушісі:
- Бүгінге дейін біз картоптың жаңа сұрыпы бойынша 25 түрін әзірледік. Жалпы 60 түрлі сұрыпын зертханалық сынақтан өткізіп жатырмыз. Басты ерекшелігі –табиғаты қатал, жазы қысқа өңірге бейімдеу.
Ал өңірдегі агрономдар мен ғылыми-қызметкерлер жердің ылғалдығын сақтайтын био-препараттарды тәжірибе ретінде қолдана бастады. Био-органикалық негізде жасалған шетелдік жаңа препарат алқапқа жаңбырлату арқылы сумен қоса себіледі. Сабағы мен жапырағына сіңген ылғал өсімдіктің тамырына жиналып, ұзақ уақыт ылғалды ұстап тұрады.
Ғайнұр Тоқтаров, Ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының сарапшысы:
- Былтыр да біздің өңірде құрғақшылық болды. Бірақ біз егіс алқаптарына құрғақшылыққа қарсы био-препаратты қолдандық. Ол өсімдіктің тамырын нығайтып, ылғалды ұзақ сақтайды. Осылайша, жоспарлағаннан бірнеше есе көп түсім алдық.
Ғылыми-зерттеу стансасының сарапшылары жаңа препаратты екінші жыл тәжірибеден өткізіп жатыр. Былтыр бидай мен күнбағысқа қолданған. Нәтижесінде кейбір алқаптарда бидайдың түсімі 20 есеге дейін артқан. Ал биыл картопқа бірінші жыл қолданылды. Нәтижелі болса, басқа да көкөніс түрлерінің түсімін арттыруға мүмкіндік туады.
Авторлары: Олжас Керейхан Дмитрий Пыхтин