ШҚО-дағы Қалжыр өзені арнасынан асты
Ел шығысындағы Күршім ауданында Қалжыр өзені арнасынан асты. Бойындағы ауылдарды топан су басып кетпеу үшін жергілікті мамандар жұмыла жұмысқа кірісті. Олар инертті материалдан қосымша бөгет жасап жатыр. Айтуларынша, жақын елді мекендерге төнген қауіп сейілген. Алайда тасқын өзен жиегіндегі бөгеттің бір шетін шайып кеткен.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Қалжыр өзені алғаш рет арнасынан асып тұрған жоқ. Осыған дейін де әрекідік мінез көрсетіп, тіпті кейбір жылдары ауыл ішіне де жайылып кеткен кезі болған. Дәл қазір менің айналамның барлығын су басып жатыр. Ал осы жердегі ең жақын ауылға бар болғаны 1,5 шақырымдай ғана қалды. Сондықтан да барлық мамандар және техника осы жерге жұмылып, жұмыс істеп жатыр.
Қалжыр 130 шақырымға созылып жатыр. Көп бөлігі шатқалмен, біразы жазық даланы басып өтеді. Өзен арнасынан аса сала қажетті техника жеткенше амалдауға тура келген. Атқарушы орган өкілдері, ауыл азаматтары мен құтқарушылар бірлесіп, қолдан бөгет жасаған.
Берік Құнанбаев, Күршім ауданы ТЖ бөлімінің бастығы:
- Техника жеткенше мамандар мен жергілікті тұрғындар 1 адамдай күш біріктіріп, судың бетін қайтардық. Арнаны тазаладық. Енді міне, осы маңайды инертті материалмен биіктетіп жатырмыз.
Қалжырдың жағасына жету де қиын. Сондықтан мамандар ол жаққа атпен барып келіп жүр. Өзен 6 метрлік дамбадан асып кеткен. Қазір қатер сейілгенімен, жағдай аяқ асты өзгеруі ықтимал.
Қайрат Әзімбаев, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:
- Болуы мүмкін. Өйткені бірінші күні осыны анықтау үшін атпен, басқа техника жүрмейді. Атпен барып, аралап шықтық. Бір жерде дамбаның үстін шайып кеткен жері анықталып тұр. Бірақ судың мұзы қатып, біраз тоқтап тұр. Біраз мына жұмыс біткен соң, сол төмен түскен жерді жөндеу жұмысын жүргіземіз. Оған ешқандай техника бара алмайды. Сол қиындық тудырып тұр.
Сондықтан әзірге мұндағы мамандар Марқакөл орман шаруашылығынан көмек сұрап отыр. Қаңқасы ағашпен бекітілген бөгет жасамақшы. Орманшылар да қысылтаяң кезде қол ұшын созуға дайын.
Болат Исанов, бас орманшы:
- Ағашты қиып,төрт бұрышты коробка істеп, оның үстіне топырақ әкеп үйіп, тас әкеп төгетін болса, сөйтіп тоқтатуға болады. Бір жақ амалы деп отыр, иә. Ағашпен қамтамасыз ете аласыздар ма? Енді екіжақты келісімшартқа қоямыз, заңды түрде етеміз ғой, мынадай жағдайда көмектеспеуіміз керек қой.
Қалжырдың тасуы 50 шақты түтіні бар Жаңауыл елді мекеніндегі тұрғындарды алаңдатқаны рас. 12 жыл бұрын да бұл өзен осындағы жұртты әбден әбігерге түсірген еді.
Әлімхан Сәйменов, ауыл тұрғыны:
- 2011 жылы бірақ алды ауылды. Ауылға дейін бірақ келді су, ол кезде де, онда да сол экскаватор әкеліп, Зайсан ауданынан аман-есен алып қалдық. Мінезі қиын екен ғой. «Асау Қалжыр» дейді ғой бізде.
Арнасынан асқан асау Қалжырдан ауылға төнген қауіп төмендеді. Дегенмен ауа райы құбылып тұр. Сондықтан мамандар сақтықты күшейте түспек. Қазір бұл жерге күн-түні кезекшілік қойылды.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов