СҚО тұрғындары: малды сатудан басқа амалымыз жоқ
Ал жергілікті билік жағдай бақылауда деп жайбарақат отыр.
Наталья Шмилык қолдағы азын-аулақ малына қорадағы қалған шөпті үнемдеп беріп жүр. Соның салдарынан сиырлар арықтап кеткен. Енді оны сатудың өзі мұң болып тұр.
Наталья Шмилык, Покровка ауылының тұрғыны:
- Көтерем малды ешкімнің алғысы келмейді. Көреді де, бас тартады. Өзіме сойып алудан басқа амал жоқ. Қаншама асырадым, есіл еңбек зая кетті.
Биыл Солтүстік өңірде мал азығы бірнеше есе қымбаттап кеткен. Мәселен, буылған шөптің бір орамы 12 мың теңгеден асады екен. Сергей Фабердің қолында қазір 12 бас ірі қара мен 1 жылқы ғана қалған. Барлығын сатуға бел буып отыр. «Өкініштісі, ауылдағы фермерлер шөпті жаппай оңтүстік өңірге жөнелтуде. Ал жергілікті жұрттың өтініші ескерілмей қалды», - дейді ол.
Сергей Фабер, Покровка ауылының тұрғыны:
- Далада шөп жеткілікті. Шаруалар шауып жатыр. Бірақ бағасы 12 мыңнан түспей тұр. Мысалы, маған 200 дана буылған шөп керек. Сонда 2,5 миллион теңге төлеуге тиіспін. Бұл масқара ғой. Төрт түлікке қарап отырған біз ондай ақшаны қайдан аламыз?!
Ауыл маңында алты шаруа қожалығы шөп шабумен айналысады екен. Ал Покровкадағы мал басы 254. Қазір азық тапшылығы мұндағы барлық тұрғынның бас ауруына айналған.
Медет Оспанов, Есіл ауданының әкімі:
- Жергілікті тұрғындар үшін шөп шауып, сатып жатқан кәсіпкерлер бар. Бағаны 5 мың теңге деп қойдық.
Әкім шөптің бағасы қымбат емес деп ант су ішті. Алайда жарнама бойынша қоңырау шалғанымызда, ақиқат расталды.
Халықтың наразылығына қарамастан, өңірдегі ауылшаруашылық басқармасы жағдай бақылауда деп жайбарақат отыр. «Қазірдің өзінде 578 мың тонна шөп әзірленді», - дейді. Бұл – жылдық жоспардың 70%.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Наталья Волкова, Төлеген Иманов