ШҚО-дағы Долон ауылының халқы құдықтан су ішуге мәжбүр
Өткір тұрған мәселені шешуге былтыр бюджеттен 460 миллион теңге қаражат бөлінген. Жоба әзірленіп, елді мекенде орталықтандырылған таза су жүйесінің құрылысы басталған-ды.
Алайда екі ай бұрын белгісіз себептермен жұмыс тоқтап қалған. Қазір ауыл іші қазылған күйі астаң-кестеңі шығып жатыр. Ал жергілікті жұрт құдықтан су ішуге мәжбүр.
Бүтін бір ауылдың тіршілік көзі – жалғыз құдық. Жұрт суды тұрмыстық қажеттілікке де, тіпті ішуге де осы жерден алады. Долон ауылының тұрғыны Әсия Жұмабекова да елмен бірге суға келген. Оның айтуынша, соңғы жылдары судың сапасы нашарлап кеткен. «Соған қарамастан пайдалануға мәжбүрміз», - дейді ол.
Әсия Жұмабекова, Долон ауылының тұрғыны:
- Экологтар суды лас деп отыр. Ол ішуге, тұтынуға жарамсыз. Тек малға беруге ғана болады. Амалсыз ішіп отырмыз. Әр үйге жеке-жеке су тартылады деп жар салған. Енді міне бас-аяғы жоқ, жұмысты тастады да кетті.
Судың жоқтығы зейнеткерлер мен қарт адамдарға ауыр тиіп отыр. Қазір олар үшін құдық басып, су шығару мұңға айналған.
Ауылға су тартылады деп көшелер қазыла бастағанда, тұрғындар қуанып қалғандарын айтады. Алайда олардың қуанышы ұзаққа созылмады. Түсініксіз жағдайда құрылыс тоқтап, жұмыс жүрмей қалды.
Любовь Шнайдер, Долон ауылының тұрғыны:
- Ауылдың ішін түгел қазып-қазып тастап кетті. Жүріп-тұру мүмкін емес. Қазір жаз болған соң құрғақ болып тұр. Жауын-шашын болса лай, батпақ болады. Мән-жайды сұрап жатырмыз. Жауап жоқ. Бастапқыда су тартамыз деп аралап шыққан. Енді су да жоқ, құрылысшылар да жоқ. Біз сияқты зейнеткер, мүгедек адам үшін жағдай өте ауыр болып тұр.
Жоба былтыр жүзеге асырыла бастаған. Оған мемлекеттен 460 миллион теңге бөлініп, 540 үйді ауызсумен қамту жоспарланған. Алайда аудиторлық тексерістен кейін жұмыс бірден тоқтатылған. Анықталғандай, мердігер компания заңсыз әрекет еткен көрінеді.
Алмат Құсайынов, Бесқарағай аудандық сәулет және ТКШ бөлімінің маманы:
- Арнайы бақылау нәтижесімен ішкі мемлекеттік аудит экономикалық сотқа жасалған келісімнің заңды-заңсыздығына көз жеткізу туралы өтініш жолдаған. 2020 жылдың желтоқсан айында Шығыс Қазақстан облыстық экономикалық сотының шешімімен келісімшарт жойылды.
Мамандардың айтуынша, нысанның құрылысы бітуге жақын. Қазір қалған жұмысты аяқтайтын мердігерді анықтау үшін жаңа байқау жарияланды. Жауаптылар бұл жолы суды қараша айында кіргізіп береміз деп отыр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Әсем Өтешова, Берік Жобалайұлы