Түркістан облысында 19 елді мекен табиғи газбен қамтылды
Биыл өңірдегі елді мекендерді газбен қамтуға 14 млрд теңге бөлінді.
Бүгін – Бағыс тұрғындары үшін ерекше қуанышты күн. Себебі ауыл жұрты көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді. Осы ауылдың байырғы тұрғыны Тамара Әбетова жылдар бойы от жағып, күл шығару азабынан құтылғанына дән риза.
Тамара Әбетова, Бағыс ауылының тұрғыны:
- Осы үйге келін болып түскеніме 35 жыл болды. Сол 35 жыл бойы от жағып, күл шығарып, біраз қиналған жайымыз бар. Бүгін ауылымызға көгілдір газ келіп, қуанышымызда шек жоқ. Елге қамқорлық жасап жатқан ел басындағы ағаларымызға рақмет.
Символдық түрде газ алауы жағылып, Бағыс пен Тегісшіл ауылдары табиғи газға қосылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп, «ҚазТрансГаз» АҚ Қазығұрт, Сарыағаш және Келес аудандарының 19 елді мекеніне газ жеткізу жұмыстарын аяқтады.
Шалқар Омарбеков, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры:
- Тапсырыс беруші – Түркістан облысы. «ҚазТрансГаз Аймақ» нысандардың дұрыс салынуына, талаптарға сай болуына атсалысты. Бүгінгі күні 300 шақырымға жуық желілер тартылды. Екі автоматтандырылған газ тарату стансасы іске қосылды. Ол – Қақпақ пен Таскескен.
Өңірде газға қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса береді. Ең ыңғайлы отынға қосылуға мүмкіндік алған абоненттер келісімшарт түзіп, үйлеріне газ кіргізіп жатыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, көгілдір отынға қосылу машақаттан және шығыннан құтқарады.
Руслан Тұрғамбаев, Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:
- Алдағы 5 жылда Түркістан облысының қалған елді мекендерін газдандыруға шамамен 92 млрд теңге қаржы бөлінеді деп күтілуде. Біз 2026 жылдың соңына дейін өңірдегі барлық елді мекенді 100% газбен қамтуды жоспарлап отырмыз.
Мамандар елді мекендерді газдандыру аймақтың экологиялық жағдайын да айтарлықтай жақсартатына сенімді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш