Хабар телеарнасы

Қостөбедегі мектеп күрделі жөндеуден өтті

Түркістан облысының Төлеби ауданында 2010 жылы пайдалануға берілген мектеп ғимараты 3 жылдан кейін сыр берді. Қостөбе ауылындағы 150 орындық білім ұясының едені ортасына түсіп, қабырғасы жарылған. Арада 12 жыл өткен соң аудандық соттың шешімімен мектеп апатты деп танылған еді. Бірнеше рет сараптама жасалғаннан кейін, биыл білім ошағына күрделі жөндеу жүргізілді. Жаңа мектептің жай-күйі қалай?

Қостөбе ауылында 85 түтін, 500-ден астам тұрғын бар. Оның 140-қа жуығы - мектеп оқушысы. Ауыл халқының айтуынша, 2010 жылы жаңа мектептің құрылысы асығыс жүргізілген. Небәрі 8 айда тапсырылды деп отыр. «Табаны дұрыс тапталмағандықтан, едені ортасына түсіп, астындағы су жүйелері бүлінді», - дейді ауыл қариялары. 

Мықтыбек Жолаев, ауыл тұрғыны:

- Осы мектеп бұрын салынғанда қадағалаусыз, жақсы салынбағанның әсерінен 1-2 жылдан кейін отырып қалды. Астынан су кетті, құбыр жарылды.

480 млн теңгеге салынған мектептің едені бүлінген соң, 2013 жылы құзырлы орган өкілдері асханасын жауып тастаған. Ал 2022 жылы аудандық соттың шешімімен мектеп толықтай апатты деп танылды. Оқушылар көрші ауылға қатынап оқиды.

Аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, уақыттың өтіп кетуіне байланысты бұрынғы мердігер жазасыз қалған. Ал мектеп ғимаратына бірнеше мәрте сараптама жасалып, биыл күрделі жөндеу жұмыстарына 438 млн теңге қаржы бөлінген.

Пернебек Асанов, аудандық білім бөлімінің әдіскері:

- Мектептің мына шетіндегі топырағы мектептің іргетасынан биік еді, соны төмен түсірді. Мектептің сыртының барлығы темірмен қапталып шықты. Кіреберіс жерін тегістеп, ойын алаңшасы салынды. Ішіне келетін болсақ, терезелері мен есіктері ауыстырылды. Одан соң мектептің дәлізіндегі барлық ішкі сылақ жұмыстары қайта жасалынды.

Сонымен қатар жарық пен су жүйелері, едені мен шатыры толықтай ауыстырылып, асханасы қайта жаңғыртылған. Тамыз айында жылу жүйесі көмірден газға ауыстырылыпты.

Данияр Айтбаев, мектеп директоры:

- Дер кезінде көтерілген дабылдың арқасында мектебімізге күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір міне өздеріңіз көріп отырғандағыдай, заманауи. Ауданымыздың түкпірінде орналасқан болса да, қалалық мектептерге бергісіз мектеп болып шықты.

«Ендігі міндет – оқушыларға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу», - дейді ауыл мұғалімдері.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында үнемделген қаражат есебінен 350-ге жуық білім беру ұйымына жөндеу және табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш