Елімізде жалған медициналық анықтама жасатудың 60-тан астам фактісі әшкереленді
Дәрігерлер вакцинаны толықтай тексеріліп барып, салдыруға кеңес беріп отыр. Себебі екпе созылмалы ауруды өршітуі мүмкін.
Елордалық Гүлдинара Жақашеваның жүрегі сыр бергелі мазасы кетті. Қан қысымы жиі көтеріледі. «Асқазаны қабынған» деген де диагнозы бар. Осының бәрін білген әйел дәрігермен ақылдасқан. Ақ халаттылар ем-дом қонбайынша, екпе егуге рұқсат бермеген.
Гүлдинара Жақашева , қала тұрғыны:
- Денсаулығыма байланысты вакцинаны алған жоқпын, қан қысымым жоғары, асқазаным ауырады. Барлық тексеруден өтіп жатырмын, әзірге вакцина салдыруға болмайды. Астмам бар, жүрегім ауырады. Қаралыңыздар, денсаулықтарыңызды тексертіп барып, вакцина алыңыздар деймін.
Елімізде вакцина салу науқаны басталғалы 15 мың 246 азаматқа ауруына байланысты «екпе егуге болмайды» деген медициналық құжат берілген. Буыны қақсап, балтыры сыздаған азаматтардың бәріне бірдей екпе егуге болмайды деген анықтама берілмейді. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен нақты тізім бар.
Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:
- Вакцинаның кез келген компонентіне аллергиясы бар азаматтар, қазіргі уақытта неврологиялық ауруға ұшыраған, уақытша салуға болмайтын азаматтар, сонымен қатар ауырып жатқан короновариус инфекциясымен үш айға дейін оларға салуға болмайды және де ауырған адаммен тығыз қарым- қатынаста болған адамдарға салуға болмайды.
Эпилепсия, орталық жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан жандар мен аллергетиктерге вакцинаны тұрақты түрде егуге болмайтыны туралы анықтама беріледі. Ал созылмалы дерті ушыққан жағдайда оны емдеуге үш ай уақыт беріледі, кейін екпені салдыруға әбден болады. Ол 1 айдан бір жылға дейінгі аралықты қамтуы мүмкін.
Хадиша Мұқатаева , №10 емхананың учаскелік терапевт дәрігері:
- Медициналық арнайы анықтаманы алу қиын емес. Егер де тексерістен соң вакцина егуге болмайтын ауру түрі анықталса, дәрігерлер бірден мөр басып жасап береді. Сол себепті халық ауруын жасырмай, бәрін ашық айтуы тиіс. Дертті емдемей, вакцина қойса, ауру өршуі мүмкін.
Вакцинадан қашып, екпе құжатын жасатып алғандар былай тұрсын, енді «екпе салуға болмайды» деген анықтаманы да сатып алатындар шығып жатыр.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Вакцинация басталғалы екпеден бас тарту мақсатында жалған медициналық құжат жасатудың 60-тан астам фактісі әшкере болды. Қазір ол істер бойынша тергеу жүргізілуде. Жалған медициналық анықтама жасатқандар 2 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Сондай-ақ 2 мыңнан 4 мыңға дейін айлық есептік көрсеткіш көлемінеде айыппұл төлейді. Және де 1 мың сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін.
Бұл – анықтаманы жасап берген медицина қызметкерлеріне қатысты жаза. Ал жалған құжатты пайдаланған адам жарты миллион теңгеге дейін айыппұл төлеп, 40 күнге қамалады.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Тайыр Мерекенов, Бекболат Базаров