БҚО-дағы «Өнеге-Бисен-Сайхын» жолына биыл асфальт төселе бастады
Дегенмен тұрғындар тиісті жұмыстар ұзаққа созылып кете ме деп те алаңдаулы. Өйткені мердігер компаниялардың анықталып қойғанына 2 жыл болды. Ал құрылыс қарқыны баяу жүріп жатқан көрінеді.
Облыстың оңтүстік-батысындағы аудандарда жолдың жайы жауыр болғалы қашан?! Бірер жыл бұрын жергілікті маңызы бар «Өнеге-Бисен-Сайхын» бағытындағы жолдың жаңғыртылатынын естігенде жұрт бөркін аспанға лақтырып, балаша қуанды. Аймаққа іссапармен келген Елбасы жобаны республикалық жолдың құрылысымен бірге жүзеге асыруды тапсырды. Жоспар бойынша тиісті жұмыстар 2019 жылы басталуы қажет болған. Мерзімі төлқұжатта тайға таңба басқандай көрсетілген. Алайда біраз кідіріс байқалып, мердігер компаниялар былтыр ғана іске кірісті. Ал асфальт тек биыл төселіп жатыр. Күдік ұяласа да, үмітіне арқа сүйеген тұрғындар құрылыстың уақытылы аяқталғанын тілеп отыр.
Қуаныш Шәріпқалиева, Сайхын ауылының тұрғыны:
- Неше түрлі қиындықтарды көрдік. Өзіміз көп жылдан бері шопыр болып, машина айдап келе жатырмыз. Осы Оралмен екі ортаға қатынас өте қиын еді. Алдағы уақытта «бәрі жақсы болады», «жолымыз өнеді, салынады» деп соған ел болып сенудеміз.
Бибігүл Есекешова, Сайхын ауылының тұрғыны:
- Жаңбыр жауғанда Орал мен Бисеннің екі ортасында, далада қалып қойып жүрген кездеріміз болды. Қазір енді жолды бастап салып жатыр ғой. Аяғына дейін бітіреді деген сенімдеміз.
Жолдың ұзындығы – 103 шақырым. Тиісті жұмыстар 2 мердігер компанияға жүктелді. Алғашқы жылдар материал тасымалы мен жерді дайындауға кеткен.
Наурызғали Бисенғали, құрылыс аумағының басшысы:
- Былтыр материалдарды жинақтап, сол материалдардың бәрін дайындап, сосын іргетасын дайындадық. Биылдан бастап 14 км негізін қалап қойдық. Одан кейін «никофлок» деген қоспасы бар. Сол қоспа бойынша 9,6 шақырым салып отырмыз. Асфалть 3 км жасалып тұр. Бүгін бізде жоспар бойынша битум қабылданып жатыр. Ертең асфальтты әрі қарай жалғастырамыз.
Автомобиль жолдары комитетінің мәліметінше, материалдарды тасымалдау көзін нақтылау қиынға соққан. Оның үстіне құрылысқа пандемия да кері әсерін тигізген көрінеді. Әрі аймақта толассыз жауын-шашын болып, құрылысшылар айлап уақыт жоғалтып алған.
Бақтияр Жамбыл, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:
- Учаскелерге қарасаңыздар, батыс өңірде теміржол жоқ. Барлығын қалыпқа келтіріп, содан кейін ғана жұмыстар жүргізіле бастады. Өздеріңізге белгілі, былтырғы 2020 жылы наурыз айынан бастап пандемия болды. Негізгі құрылыс жұмыстары маусым, шілде, тамыз айларында жүргізіледі. Біз қазір 60 күндей уақытты жоғалтып алдық. 63 күндей жаңбыр жауды. Бұл жауын жауған кезде мына жердің бәрі дымқыл болады. Бізде оңтайлы температура болмаған кезде құрылыс жұмыстарын жүргізуге технология бойынша рұқсат етілмейді.
Дәл қазір небәрі 7 шақырым жолға асфальт төселді. Жоспар бойынша жоба 2023 жылы аяқталуы тиіс. Комитет өкілдері келеңсіздіктерге қарамастан құрылысты уақытында бітіреміз деп сендірді.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов