Жайық өзені қауіпті деңгейге жақындап келеді
Батыс Қазақстан облысында қауіп күшейді. Жайық өзенінің деңгейі 7 метрден асты. Бұл көрсеткіш енді 1,5-2 метрге көтерілсе, Орал қаласын су басу қаупі туады.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев осы түнде өңір тұрғындарына үндеу жариялады. Әкім Жайық өзенінің маңындағы 94 елді мекенді су басу қаупі барын ескертті. Сондай-ақ сын сағатта сабыр етіп, тек ресми мәліметтерге сену керегін айтты.
Түннен бері өзен бойындағы саяжайлардың 1000-ға жуық тұрғыны қауіпсіз аймаққа көшіріліп, оларға қажет көмек көрсетіліп жатыр. Жайық, Шаған, Деркөл өзендеріне дамбалар салынып, жағалаулары бекітілуде. Бұл жұмысқа 300 техника мен 1 мыңға жуық адам тартылған.
Ал мамандар болса, Ресейдегі су қоймаларынан жіберілген нөпір судан қауіптеніп отыр.
Рауан Құсайынов, «Қазсушар» РМК БҚО филиалы директорының міндетін атқарушы:
- Бүгінгі таңда Жайық өзенінінің деңгейі жергілікті ағынның және орта ағысында орналасқан өзендердің суынан көтерілді. Сәуір айының екінші жартысында Сахмара өзенінің және Ириклин су қоймасынан тасталған судың есебінен көтерілуі күтілуде. Жалпы Ирикла су қоймасымен тасталған су мен Сахмара өзенінің тасқын сулары Орал қаласына жету мерзімі шамамен 15-25 күнді құрайды. Орал қаласына жету күнін белгілесек, ол 15-і мен 25-ші сәуір күндері.