Атырау облысында лотос гүлдеді
Оны Қытай мен Үндістанда қасиетті өсімдік деп таниды екен. Ғажайып өсімдіктің ақуызы бүйрек пен көкбауырға пайдалы екені ғылымда дәлелденген. Алқызыл алқап бүгінде Қиғаш өзенінің 5 гектарын алып жатыр. Ғажайып көркімен, хош иісімен айдын бетін абат баққа бөлейтін гүлдің әдемілігіне сөз жетпейді.
Бір ғажабы ол шілде айының ортасынан бастап, тамыз айының соңына дейін жайқалып өсіп, артынша көз тартар сұлулығын қауызына жиып алады екен. Табиғаттың тамаша туындысын қызықтаушылар сол кезде Қиғаш өзені бойына ағылады. Айтқандай, бұрын Ресей мен Грузиядан, тіпті алыс шетелден туристер үзілмейтін. Бірақ биыл пандемияға байланысты кісі аз. Дегенмен жергілікті тұрғындар табиғаттың осынау ғажайып сыйын тамашалауды дәстүрге айналдырған.
Тілекқабыл Ғұмаров, қала тұрғыны:
-Қызықтап келіп, демалып тұрамыз. Қиғаш өзенінің бойымен жан-жақтан туристер келіп жатады. Бірақ бір байқағаным, жылдан-жылға су азайып бара жатыр. Су азайған сайын бұл жерге қайықпен келу қиын. Табиғаттың ерекше сыйын біз бағалап білуіміз керек. Оны ұрпаққа қалдыру керек. Туристер қиналмай келетін жол салынса, керемет болар еді.