Алдағы екі жылда Алматыда 12 жаңа саябақ ашылады
Әр саябақтың өзіндік ландшафты дизайны бар. Сондай-ақ жергілікті тұрғындардың пікірі ескеріледі. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысына мегаполисті абаттандыру жоспарларын таныстырған болатын. Президент қалада атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.
«Достық» саябағы – қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін саябақтың тынысы өзгерді. Мұнда тұрғындардың серуендеп, демалуына барлық жағдай жасалған. Тіпті шөлдесеңіз, ішуге арналған субұрқақтан шөліңізді қандыруға болады. Ең бастысы, саябақтағы жасыл желек қоры толықтырылып, 270-тен астам ағаш отырғызылды.
Айжан Нұржанова, қала тұрғыны:
- Күн сайын осы жерге келіп серуендейміз. Жөндеу жұмыстарынан кейін саябақ мүлдем өзгерді. Әсіресе балалар алаңы өте ұнайды. Айнала жап-жасыл, тап-таза. Түрлі жасыл желек отырғызылды. Оны уақытылы күтіп-баптайды. Бұл жер бізге ұнайды.
Биыл «Терренкур» жаяу жүргіншілер аймағы да қайта түледі. 4,5 шақырым жағалау табиғатты сақтай отырып, заманауи әдістерді қолдану арқылы абаттандырылды. Салауатты өмір салтын ұстанатындар соңғы үлгідегі спорт алаңында жаттыға алады. Ал алдағы екі жылда қаланың ортасындағы тағы алты демалыс бағы жөнделіп, қаланың төменгі аудандарында 12 жаңа саябақ салынады.
Ұлан Абдуллаев, Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары:
- Қарғалы өзенін су қорғау алқабынан Райымбек даңғылына дейін халыққа қолайлы демалыс орнын салу жоспарлануда. Сонымен қатар Алатау ауданында Зерделі ықшамауданында 40 гектар аумақты құрайтын үлкен саябақ салу жоспарланып отыр.
Қоғамдық демалыс орындарын дамыту бағдарламасының басты мақсаты – мегаполистің әр ауданында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау. Сонымен қатар қаладағы жасыл желек қорын сақтау.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жақыпов