Бердібек Сапарбаев жарылыстан зардап шеккен науқастардың жағдайымен танысты
Әскери қоймада болған жарылыстан кейін ауруханаға түскендердің 49-ы – Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері. Зардап шеккен науқастардың барлығына қалалық және Байзақ аудандық орталық ауруханасында тиісті медициналық көмек көрсетілді. Еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой және аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев ауруханаға барып, науқастардың жағдайымен танысты.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Медициналық көмекке 98 адам жүгінді. Оның 28-ін ауруханаға жатқыздық. Қалғандарына жарақат бөлімінде тиісті көмек көрсетілді. Көбінің жағдайы тұрақты. Қазір ауруханада жатқандарға көмек барынша көрсетіліп жатыр.
Жарылыс кезінде эвакуацияланған ауыл тұрғындары үйлеріне оралып жатыр. Әскери бөлімге жақын орналасқан үш ауылдан 1200-ге жуық тұрғын жедел көшірілген еді. Олардың жеті жүзден астамы мектеп, колледж ғимараттарына орналастырылды.
Қазір сәл есін жиған жұрттың басым бөлігі үйлеріне қайтқан. Эвакуациялық пункттерде 60 шақты адам қалды.
Гүлстан Артықова, Байзақ ауданының тұрғыны:
- Қайда баратынымызды білмей сасып қалдық. Бала-шағамызбен осы жерге жайғастырды.
Бибіхатша Тәшенова, Байзақ ауданының тұрғыны:
- Сағат 22:00 шамасында алып келді. Таңға дейін жедел жәрдемдегілер қысымымызды өлшеп, тексерді. Бұл жағдайдан кейін жүрегіміз ауырып, қан қысымымыз көтеріліп кетті. Енді бала-шағамыз алып кетеді. Елімізде тыныштық болсын!
Министрлер мен жауапты мамандар апат аумағында болып, жағдайды толық зерделеді. Өрт сөндірілгенімен әскери қойма аумағындағы 3 шақырымға дейін жер қоршауға алынғанын жеткізді. Себебі бұл тұрғындардың қауіпсіздігі қабылданған шешім. Қазір ол жерлердің барлығын әскерилер жіті бақылап тұр. Сонымен қатар жарылыстан есік-терезесіне зақым келген тұрғындардың баспаналарын аралап көрді. Аймақ басшысы барлығына көмек көрсетілетінін айтты. Алайда еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев із-түссір кеткен бірнеше адам іздестіріліп жатқанын жеткізді.
Қазір жарылыс кезінде жоғалғандарды іздеу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Ал әскери қоймадағы жарылыстың неден шыққаны туралы түрлі болжамдар айтылуда. «Ең бастысы, қауіпсіздік шараларының сақталмауы, өрттің тұтануы және химиялық реакция болуы мүмкін», - дейді мамандар. Қазір мұнымен де арнайы органдар айналысып, анықтап жатыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашбекұлы