Елордалық суретшілер Талдыкөлді сақтап қалу үшін арт-перформанс өткізді
Олар көлді сақтап қалу үшін арт-перформанс өткізді. Үстіне шаман киімін киген Асхат Ахмедияров ондаған белсендімен бірге көлге топырақ төкпек болған жүк көліктерін тоқтатты. Ал суретші Әйгерім Оспан көліктердің алдына отырып, қобызбен күй тартты. Осылайша, олар Кіші Талдыкөлді құтқарып, ол жерге көпқабатты тұрғын үй кешендерін салуға қарсылық білдірген.
Дана Әлиева, тілші:
- Мына құмға толы жазық дала шөлді мекеннен айнымайды. Ал бұл жерде көл болған десем сенесіз бе? Осыдан үш апта бұрын құс атаулының құтты мекені болған Талдыкөлдің жағасы еді осындай. Ал қазір құрылыс қарқыны үдеп, құм төгіліп, су арнасы тарылды. Сөйтіп, жойылудың аз-ақ алдында қалды.
Елордалық белсенділер бұл жағдайға бей-жай қарап отыра алмады. Бірі бақсы кейпіне еніп, енді бірі қобызда ойнап, құрылысқа барынша тосқауыл болудың амалына кірісті.
Асхат Ахмедияров, суретші:
- Бақсылар ежелден табиғатпен тығыз байланыста болған. Осындай кейіпте келуімнің сыры да осы. Ойлаңыздаршы, адамзаттың тойымсыздығының кесірінен құстар ұясыз қалып жатыр. Әдеттегідей осында ұшып келсе, құрылыстың мына қарқынымен бұл жерде көл де, қамыс та қалмайды.
Әйгерім Оспан, суретші:
- Қобыз – киелі аспап. Ол өзінің үні арқылы әркімнің жүрегіне жол табады. Жұртшылық назарын осылай бұрып, заңсыз құрылысты тоқтатқымыз келді. Біз бұл жерді күзете алмайтынымыз айқын. Дегенмен осы уақыт ішінде екі бульдозерді тоқтаттық.
Белсенділердің қарсылық акциясын жергілікті тұрғындар да қолдады. Олар көлді құрғатудың салдарынан қорқады.
Ақмарал Көбеева, қала тұрғыны:
- Кіші Талдыкөлді құммен басып жатқанын көріп жүрміз. Мен өзім осы маңайда тұрамын. Алдыңғы жылы экологтар жерасты сулары біздің үйдің астынан өтеді деп ескерткен. Енді үйімізде дымқылдық пайда болады. Ал бұл аурулардың көбеюіне себеп қой.
Әкімшілік өз кезегінде ресми сайтында Кіші Талдыкөлді экологиялық проблема деп атады. Десе де: «20 гектарға жайылған су айдыны сақталады», - деп сендірді. Су деңгейін арттыру үшін түбін тереңдету жұмыстары жүргізіледі. «Осылайша, батпақты жер тазартылған тоғанға, ал маңайы саябаққа айналады», - деп жазды. Ал сәулетші әрі зерттеуші Теміртас Ысқақов бұл жазбаға сенбейді.
Теміртас Ысқақов, сәулетші-зерттеуші:
- Көлді сақтап, тазартып жатырмыз деген сылтаумен оны құрғатып жатыр. Талдыкөлдің жүйесінде барлығы алты көлшік болған. Қазір оның біреуін толығымен жойды. Тұрғын үйлердің арасындағы және мына жердегі бөлігіне де құм төсеуде. Қоғам пікірінің ескеруінсіз әрі бұл жұмыстардың қоршаған ортаға салдарын зерттеусіз жүргізіп жатқанына наразымыз.
Аққулар мен 200-дей құс түрінің мекеніне айналып үлгерген Кіші Талдыкөлдің тағдыры осылайша халықты алаңдатып отыр. Уақыт шектеулі. Жұмыс қауырт. Дереу шара қолданбаса, табиғаттың сыйы көзден ғайып болуы әбден мүмкін.
Авторлары: Дана Әлиева, Аян Сәрсенбаев